Қазаққа жиен боп келетін Кристиан Костов «Евровидениенің» финалына шықты.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Киевте «Евровидение» байқауының екінші жартылай финалы өтіп, бұл кезең тікелей эфирде трансляцияланды.
Кристиан Костов «Beautiful Mess» композициясын орындап, ақтық кезеңге жолдама алды.
Кристиан Костов Мәскеуде дүниеге келген. Оның әкесі Константин – болгар, анасы Зәуре – қазақ. Зәуре 1985 жылы Мәскеудегі институтқа оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін Ресейде қалады. Әншінің ата-анасы оның өнерге деген құлшынысына қолдау білдіріп, төрт жасында «Непоседы» танымал студиясына жібереді.
Анасының айтуынша,
Кристиан қазақ тілін жақсы түсінеді. Себебі, Зәуре Мәскеуде бизнеспен айналысып жүргенде, оны нағашы атасы мен әжесі тәрбиелеген екен.
Айта кетейік, «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында Костов өзінің әншілік қабілеті нағашы атасынан жұққанын айтқан болатын. «Менің нағашы атамның жасы – 85-те. Отбасылық басқосуларда кейбір эстрада әншілерінен кем айтпайды. Оның дауысын тыңдап отырып, өзімнің музыкалық қабілеттерімнің қайдан келгенін түсінемін», – деген болатын ол.