Павлодар облысында Ертіс өзені екінші рет тасуы ықтимал. Өңірдегі жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Динара Әліпова осындай болжам жасайды.
Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.
– Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларынан мәжбүрлі түрде су босатуға Қытай жеріндегі Қара Ертістің арнасынан шығуы себеп болған. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша Шүлбі су қоймасында су деңгейі тәулігіне орташа есеппен секундына 2500 текше метрді құрап отыр. Қытайда жауын-шашын көп түскендіктен, судың шығыны көбейген.
Сондықтан Бұқтырма су қоймасы арнасынан асуға таяп қалды. Қазіргі таңда аталмыш нысандағы судың көлемі 49 404 млн текше метрге тең. Жобалық қуаттылығына жетуге сәл ғана қалды, – дейді Динара Әліпова.
Бөлім басшысының айтуынша, шаруашылық нысандары мен тұрғын үйлердің су басуын алдын алу мақсатында облыстағы қалалар мен аудандар әкімдіктеріне ескертулер жолданған.
Себебі Ертістің тоғайларын қайта су басады. Салдарынан облыста шөп шабу науқаны кеш басталмақ. Ертістің су деңгейі 700 сантиметрге көтеріледі. Павлодар қаласының жағажайы да су астында қалмақ. Әрине, бұл жағдай бірқатар мәселелерді туғызғанмен, экологиялық тұрғыдан пайдасы зор.
Мәселен, судың мол келуі балықтардың көбеюіне септігін тигізеді. Еске сала кетейік, ШҚО-дағы су қоймаларының Жоғарғы Ертіс каскады құрамында Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі нысандары бар. Мәжбүрлі су босату жұмыстары 21 маусымда басталған. Бүгінгі күнге дейін секундына 3 мың текше метр су ағызылып жатыр. Павлодар облысында дәл осындай жағдай 1966 жылы орын алған.