Блогер Эльвира Ерғалина Facebook-тегі парақшасында ауыл ұстаздарын Астанада өтетін EXPO көрмесіне билет алуға мәжбүрлеп жатқанын жазыпты.
“50 мұғалімі бар мектепке ЭКСПО билеттерін әкеліпті. 40 дана. “Барғандарың жақсы. Бармай жатсаңдар да, билет алуға міндеттісіңдер,” депті. Билет құны 2000-8000 теңге аралығында.
Ол қалай сонда деп қалғам. Дәл сол ауданда, бірақ, басқа мектепте мұғалім боп істейтін тағы бір жеңгем де солай дейді. “Аласыңдар, бару-бармау өз еріктеріңде,” депті. Бағасы сол – 2000-8000 теңге аралығында. Шошыдым.
“Жалпы Ордабасы ауданының мұғалімдеріне 2000 билет бөліпті. Ал десе, аламыз. Айлықтан ұстайды ғой бәрібір,” дееееп отыр жеңгелерім. Беті ашылмаған күйі пешке кететін газет-журналына жазылып отырғандай еш эмоциясыз айтады ғой тағы.
“Бармасақ, неге алуға міндеттіміз?” деп сұрамадыңыздар ма дедім. Жоғары жақтың приказы екен.
Қызығы, қаланың мектептеріне ондай міндет жетпепті әлі”, – деп жазған блогер.
Ордабасы ауданындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін жеңгелерінің Facebook желісіне әлі күнге дейін тіркелмегеніне қынжылған Эльвира: “Осыны өздері ФБға жазса, әйтеуір бір нәтиже шығарар едік”, – дейді.