Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
1
USD
426
-0.19
EUR
496
-1.93
RUB
6
-0.02

Елорда энергетикалық қуаты жағынан өзін өзі толық қамтамасыз ететін ірі орталыққа айналады

Тәуелсіздік жылдарында Астана қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту мақсатында орасан зор жұмыстар іс жүзіне асырылды. Бас қаламызды электр энергиясымен кідіріссіз қамтамасыз ету мақсатында ескірген электр тарату желілерін жаңғырту және жаңа тарату жүйелерін салу кешенді түрде жүргізілді.

Елорданың сапалы да лайықты тыныс-тіршілігі үшін электр тарату желілері инфра­құрылымының кідіріссіз жұмыс істеуі өте ма­ңызды. Бүгінгі күн­делікті тұрмы­сымызды электр қуатынсыз елес­тету мүм­кін емес. Жарты сағат жарық жанбай қалатын болса, қала тыныс-тіршілігінің сәні кетеді. Міне, сондықтан, еліміз­дің бас қаласының электр қуа­тымен тұрақты және сапалы қам­тамасыз етілу жолында «Астана өңірлік электр желілері компаниясы» акционерлік қоғамына жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік зор.

Түн мезгілінде елорданы жарық­­тандыруға және оның көшелері мен ғимараттарын жарықпен қамтамасыз етуге күн сайын 112 495 кВт/сағат электр энер­гиясы жұмсалады екен. Түнгі қаланың самаладай жарқырап тұруына яғни оның орамдары мен көшелерін, саябақтары мен скверлерін жарықпен жарақ­тандыруға «Астана қалалық жарық» ЖШС жауап береді. Бүгінде бұл серіктестіктің балансында 18 мың тротуарларды және саябақтарды жарықтандыратын шамдар, 31 мың жол жиегіндегі шамдар және 3 мыңнан астам квартал ішіндегі прожектор­лар бар. Сонымен бірге, бү­гінде Астана қаласын түнгі мез­гілде жарықпен қамтамасыз етудің жаңа технологияларға негізделген озық үлгілері іс жүзіне асырылуда. «Астана қалалық жарық» ЖШС маман­дарының айтуынша, қазіргі кезде қала көшелеріндегі «ДНаТ» маркалы шамдарды диодты жарық беретін шамдармен ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Бейбітшілік көшесінің бойында, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының ма­ңында, Кенесары көшесінің бойында, Сарыарқа даңғылында және басқа аймақтарда 5 686 диодты жарық беретін шамдар орнатылған.

Жыл сайын қала көшелерін жарықтандыру мақсатында озық технологияларды іс жүзіне асы­ру кең көлемде жүргізіліп келеді. Өткен жылы Сарыарқа ауданындағы бірқатар орамдарда 474 дана диодты жарық беретін шамдар орнатылды. Биыл­ғы жылы «Серуен» жаяу жүргіншілер көпірінің маңайына осындай жарық беретін шамдар көптеп орнатылды. Алдағы жылы Сығанақ, Бейсекова, Керей және Жәнібек хан көшелерін, Қорғалжын тасжолының бойын осындай жарық беретін шамдармен жабдықтау жұмысы жалғастырылатын болады. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүм­кіндік береді.

Бас қаланы жарықтандыру ауқымының өсуіне байланысты энергия қуатына деген сұраныс барған сайын артып отыр. Елор­даны электр энергиясымен қам­тамасыз ету көлемі жыл сайын 8-10 пайызға артады. 2017 жылы электр энергия­сына деген сұраныс 30-35 пайызға және жылу энергия­сына деген сұраныс 25-30 пайызға артпақ. Сондықтан, бас қаланың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық бері­ліп келеді. Қалалық энергетика басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары елордада энергетикалық инфра­құры­лымның жаңа нысандары құрылысынан басқа қолданыстағы нысандарды қалпына келтіру және жылу орталықтарының энергия көздерін жаңғырту жұмыстарына басымдық берілуде. Елор­дадағы энергетикалық инфра­құрылымды сөз қылғанда №1 ЖЭО, №2 ЖЭО алды­мен еске оралады. Астана халқының өсуіне байланысты бұл орталық­тардың жарық және жылу жүйелеріне салмақ түсіп жат­қаны да белгілі. Сондықтан, қаладағы негізгі екі жылу электр орталығын жаңғырту жұмысы бірінші кезекте жүзеге асырылды. «Ақылды қала» инновациялық жобасы шеңберінде өткен жылы ПТВП-100 ст. №7 қазандық агрегатының орнына КВ-Т-128-150-су жылыт­қыш қазандық агрегаты орнатылды. ЭКСПО-2017 көрме қала­шығын, «Абу-Даби Плаза» ТК нысандары, «Мыңжылдық саяжолы», Орынбор, Тұран, Сарай­шық даңғылы бойындағы тұты­нушыларды жылу энергиясымен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзын­дығы 489 шақырым 4-5 кірме жылу магистралін, сондай-ақ, 6 жоғарылату сорғы стансасының құрылысы салынды.

Елорданың жылу энерге­тикалық жүйесінің әлеуетін арттырып, энергетикалық қуа­тын жаңа сапалық деңгейге көт­еруде №3 ЖЭО-ның алатын орны ерекше. Аталмыш, энергетикалық нысан елорданы энергетикалық қуат көздеріне деген тәуелділіктен құтқарады. Бас қала энергетикалық қуаты жағынан өзін өзі толық қамтамасыз ететін ірі орталыққа айналады. Стра­тегиялық маңыздағы бұл жоба бойынша №3 ЖЭО-ның қуаты сағатына 860 Гкал 1 сағат жылу және 240 МВт электр энергиясын өндіруге негізделген. Бүгінгі озық технологиялық талап бойынша жабдықталып жатқан №3 ЖЭО-ның құрылысы 2016 жылдың соңында толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Онда су жылытатын 4 бірдей қазандық жұмыс істейтін болады.

Осы заманауи жылу электр орталығының пайдалануға берілуіне байланыс­ты бас қаланың энергетикалық инфрақұрылымы уақыт талабына толық жауап беретін болады. Астана ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрме­сінің бас тақырыбы «Бола­шақтың энергиясы» болып табылады. Ендеше, елорданың энергетиктері жаңа қуат көздерін ашу, энергия үнемдеу, балама энергетикалық қуат көздерін пайдалану мақсатындағы ізденісті жұмыстарын алдағы уақытта барынша өрістететін болады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз