Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына Үндістан мен Пәкістанды қабылдау маусым айында өтетін Астанадағы саммитте шешілуі мүмкін.
Бұл Азиядағы серіктестікті нығайтуға тың серпін бермек. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің қауіпсіздік кеңесі хатшыларымен кездесуінде осылай деді деп хабарлады “Хабар-24” телеарнасы.
Айта кету керек, шетелдік делегаттар елордаға Шанхай ынтымақтастық ұйымының қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 12-ші кездесуіне қатысу үшін келді. Бұл іс-шара Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз Санкт-Петербургтегі оқиғаға байланысты бүкіл Ресей халқына көңіл айтамыз. Бұл терроризм мен экстремизмнің шекара дегенді білмейтінін көрсетеді, сын-қатер мен қауіп азаймай тұр. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының қызметіне ерекше мән беріп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау жоспарланып отырғанын және оның Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша тың серпін беретінін айтты.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты халықаралық және өңірлік құрылымдармен ынтымақтастығы аясын кеңейту қажет. Бұл осы ұйымды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз, – деді Қазақстан Президенті.