Нұр-Сұлтан
Қазір
12
Ертең
26
USD
440
0.00
EUR
474
0.00
RUB
4.82
0.00

Елбасы Конституцияға өзгеріс енгізетін заңды іске асырушы шаралар туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Заңды іске асыру мақсатында қаулы етемін:

1. Барлық деңгейдегі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары Парламенттің, Үкіметтің және өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен жауапкершілігінің көлемін кеңейту жағдайында мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын.

2. ҚР Парламентіне «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарына сәйкес Парламенттің және оның Палаталарының қызметін қамтамасыз ететін шараларды қабылдау ұсынылсын.

3. ҚР Үкіметі орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктердің қосымша көлемімен жұмысқа функционалдық дайындығына талдау мен бағалауды жедел жүргізсін және атқарушы органдардың жаңа ұйымдық-құқықтық жағдайларда тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шараларды қабылдасын. Бұл жұмыстың қорытындылары туралы Қазақстан Республикасының Президентіне баяндасын.

4. ҚР Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына мыналар енгізіледі деп айқындалсын: 1) «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы», «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «ҚР Үкіметі туралы», «ҚР Конституциялық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы», «ҚР сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңдарды Заңға сәйкес келтіруді көздейтін Конституциялық заңның жобасы; 2) «Прокуратура туралы» жаңа ҚР Заңының жобасы.

5. ҚР Президентінің Әкімшілігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп: 1) осы Жарлықтың 4-тармағында көзделген заңнамалық актілер жобаларын әзірлеуді және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуді қамтамасыз етсін; 2) Қазақстан Республикасы Президентінің қолданыстағы актілерін Заңға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдасын.

6. ҚР Үкіметі екі ай мерзімде: 1) өзге де заңнамалық актілерді Заңға сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қабылдасын; 2) Үкіметтің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың актілеріне ревизия жүргізуді және оларды Заңға сәйкес келтіруді қамтамасыз етсін.

7. ҚР Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты, Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өздері қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау және Заңға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдасын.

8. ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның шетелдік және халықаралық әріптестеріне конституциялық реформаға сәйкес елдің мемлекеттік құрылымында болған өзгерістердің мәні мен мазмұны туралы ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етсін.

9. ҚР Президентінің Әкімшілігі және ҚР Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.

10. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

11. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Астана, Ақорда, 2017 жылғы 13 наурыз № 437

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз