Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының қалыптасу барысы жөнінде мәлімделді. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта бұл қаржы құрылымының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық құқықтық және ұйымдастырушылық база жасақталғанын атап өтті.
Халықаралық рейтинг агенттіктерінің мәліметтеріне сәйкес, бұл орталық әлемдік 100 қаржы орталығының ішінде 61-орынға, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша 2-орынға ие болып отыр.
Сондай-ақ, кездесуде Мемлекет басшысына жекешелендіру және Қазақстан компанияларының акцияларын IPO-ға шығару үдерісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының мүмкіндіктерінің пайдаланылуы жөнінде мәлімделді. Елбасы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.