Нұрсұлтан Назарбаевқа Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптан Астананың 20 жылдығына және туған күніне орай құттықтау хат келіп түсті, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дональд Трамп Қазақстан Президентінің атына жолдаған құттықтау хатында биылғы қаңтарда Ақ үйде өткен кездесу барысында жеке достық қарым-қатынастың нығайғанына ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық одан әрі тереңдей түскенін атап өтті.
“Туған күніңізге орай Сізге зор денсаулық, амандық пен бақ-береке тілеймін. Сондай-ақ, Қазақстан халқын Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің басшылығыңызбен “ЭКСПО-2017″ көрмесін табысты өткізген Астана Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан орталығына айналғанын көрсетті және болашақ ұрпақ үшін мәңгілік мұра болып қала бермек”, – делінген құттықтау хатта.