Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
489
-3.25
EUR
530
-2.09
RUB
5.04
-0.03

Депутаттың сөзі Мәжілісте дауға ұласты

Төменгі палата кеден саласындағы осы жаңа тәртіпке еш қарсылық білдірмей, бірден бекітті. Бірақ депутаттарды басқа мәселе қызықтырады. Мәлесен, Владислав Косаревтің көптен бері кеденшілердің дүние-мүлкіне көзі түсіп жүр екен. Коммунистер көсемі олардың шетінен пара алып, байып жатқанына сенімді.

“Кеше ғана жұмысқа тұрған кеден қызметкерлері қымбат көлік мініп жүр. Ал екінші жылы жұрттың көзін қыздырып зәулім үй салады. Мен желкемізге жабысқан жемқорлық жайлы айтып отырмын”, – дейді Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Кеденшілердің орташа жалақысы 100 мың теңге екен. Ал бұған екі жылда зәулім үй салып, қымбат көлік міну мүмкін бе? Бұл сұрақты отырыс аяқталған соң Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасарына қойған едік. Ғосман Әмірин бастапқыда кеденшілердің аз уақытта коттедж салуға жағдайы жетеді деді. Әмірин етқызулықпен артық сөйлеп қойғанын сезді ме, іле-шала сөзінен тайқып, біреудің дүниесін санауды мәдениетсіздікке балады.

“Иә, кеден қызметкерлерінің арасында ондай бар шығар. Бірақ өзім айта алмаймын. Бір кеденші тапсаңыз көрсетіңіз.  Егер Косаревтың айтқаны келіп  бір айда машина алса, екі айда коттедж салса мен одан  кешірім сұраймын”, – дейді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмірин. 

Косарев те қайтпады. Коммунист сөзін дәлелдеу үшін тіпті, журналистерді шекарадағы бекеттерді бірге аралауға шақырды. Кеден демекші, бүгін қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай да сөз болды. Бір апта бұрын біздің Үкімет өз талаптарын тізіп, Бішкекке жіберген екен. Онда ең бастысы  – екі жақ бір-біріне экспорттық тауарлардың бағасы жайлы ашық ақпарат беруі тиіс делінген.

“Егер қырғыз тарапы ресми жауап бермесе, Қазақстан шекарадағы тексеруді тағы күшейтеді. Оны ашық айтамыз. Әзірге қырғыз жағы біздің талаптармен келісетіндерін айтты. Бірақ, ресми жауап бермеді. Бәрін қағаз жүзінде бекітіп, қол қою қажет”, – дейді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмірин.

Бірақ, ресми Бішкек әзірге үнсіз. Шенеуніктер өзара келісе алмай жатқанда екі ел арасындағы тауар тасымалы айтарлықтай азайған. Әсіресе Қытайдан Қазақстан арқылы Қырғызстанға тауар алып өтетін жүк көлігінің саны күрт төмендеген. Көрішлеріміз қазір тек пойызбен күніне 5-6 контейнер зат тасымалдауда.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз