Мәжіліс жанынан Қуаныш Сұлтанов басқаратын, құрамында 7 депутаты бар әдеп кеңесі құрылды. Олар Мәжілістегі «әдепсіз» депутаттардың мәселесін май шаммен қарап, тіпті мандатынан айыруы мүмкін. Әрине, бұл арада «онсызда қой аузынан шөп алмайтын Мәжіліске әдеп кеңесін құрудың қаншалықты қажет болды?» деген заңды сұрақ туындайды.
Түрлі күдік пен күмәнге жетелейтін бұл сауалға отандық саясаттанушылар жауап беруге тырысып көрді.
Әбдіжәлел Бәкір
Саясаттану ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша депутаттардың әдептілігіне мән берілуі керек. Өйткені ол біздің қоғамда мәдениеттілік деген ұғым толық қалыптасқан жоқ деген пікірде.
– Кешегі кеңес үкіметіндегі тәртіп пен қазіргі тәртіптің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
Менің ойымша, әр қоғамның демократиялық сипатына сай әдептілік қағидалары болуға тиісті.
Бізде бұрын әдептілік деген дәстүр болған. Қазіргі таңда депутаттардың өкілеттілігі жаман емес. Бірақ депутаттардың арасында мәдениеті мен білімі әрқилы адамдар бар. Сондықтан да олардың белгілі бір деңгейде әдеп-ғұрпын қалыптастыру дұрыс деп есептеймін. Егер, шын мәнісінде, депутаттың қараша халықпен әдепті қарым-қатынас орнатуына мән беретін болса аталған кеңестің құрылғанын қолдаймын.
Әйтсе де Әбдіжәлел Бәкірдің ұстанымына белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали қарсы болып отыр. Оның айтуынша әдеп кеңесін құрып, депутаттардың мандатынан айыру әкімшілік іс болып саналады. Ал әкімшіл-әміршіл жүйе қоғамға ешқашан опа берген емес.
Әзімбай Ғали
– Жалпы, әдеп моральдік норма болып саналады. Ал моральдік нормада ешқандай әкімшілік шешім болмауы керек. Өйткені депутат белгілі бір заң нормасын бұзған жоқ. Егер заң бұзылса, онда моральдік кодекс емес әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалуы керек. Мысалы, айталық жол ережесін бұзсаң әкімшілік кодекс бойынша жазалайды. Ал әдеп кеңесі бойынша депутаттың мандатынан айыратын болсақ, қалтадағы депутаттардың күні қараң болады.
Негізінде депутаттарға ақымақ адам ретінде қарауға болмайды. Олардың барлығының ішінде қыжыл бар деп ойлаймын. Бірақ көпшілігі ашылмай кетеді. Себебі, осындай шектен тыс шектеулерден кейін депутат өзінің немесе таныстарының бизнесін қорғап тыныш қана жүре беретін болады.
Әзімбай Ғалидың айтуынша, қазіргі таңда елімізде екі бірдей үрдіс қатар жүріп жатыр. Яғни, ең бірінші, қоғамда демократиялық қағидаларға сүйенген сәл-пәл болса да жылымық пайда болды. Мәселен, соңғы кездері Парламент мәжілісіне оппозиция өкілдері мен ұлтшылдар шақырыла бастады. Бұл, әрине құптарлық дүние. Әйтсе де саясаттанушының ойынша, бұл жылымықтың ұзақ немесе қысқа болатыны белгісіз.
Сондай-ақ ол әдеп кеңесін құру арқылы депутаттарға әкімшілік қысым жасалып жатыр деп есептеп отыр. Бұл, әрине алаңдатарлық жайт болса керек. Себебі Мәжіліс есігінің айқара ашылуын әкімшілік-әміршілдік жүйе жуып-шайып кетуі мүмкін.
Жуырда «Жақсы.кз» сайты мәжілісмендердің депутаттық сауал жолдау үшін алдын ала екі апта бұрын рұқсат сұрайтыны белгілі болғанын хабарлады. Биліктің сойылын соғатын сайттың табан астында Нұрлан Нығматуллинды сынап шыға келгені қызық болып отыр. Өйткені депутаттардың өздігінен депутаттық сауал жолдай алмайтын, мүмкіндігі шектеулі жан екендігі бұрыннан белгілі болатын.
Ендеше, неменеге Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның шәкірттері бүйректен сирақ шығарып, Нұрлан Нығматуллинге неге шүйлігіп отыр? Осы ретте «Мәжілістің ішкі «құпиясын» «Жақсы.кз» сайтындағылар қайдан білді?» деген сұрақ туындайды. Бұл ақпаратты сайт журналистеріне Бекболат Тілеуханның өзі берген жоқ па екен?