Ақмола облысындағы Ақан Құрманов ауылын Есіл өзенінің тасуы салдарынан су басты. Таң ата су көшелер мен үйлерге жайылды. Ауыл тұрғындары күтпеген апаттан үрейленіп отыр.
«Ауыр жағдай. Ыбырай Алтынсарин көшесі, 10-үй, 1-пәтер. Бәрі су астында қалды. Үйге су кіріп жатыр. Енді қалай өмір сүреміз?», – деді ауыл тұрғыны.
Су тасқыны таңертең ауылға жетті. Тұрғындар алдын ала дайындалғанымен, құтқарушылар мен әскери бөлімшелердің бөгеттер мен қорғаныш жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, тасқынның күші басым түсті. Қазірдің өзінде кемінде төрт үй толықтай суға кеткені белгілі. Жақын маңдағы бір үйір жылқы да су ортасында қалып қойған. Құтқарушылар малды уақытылы аман алып шықты, ал ең жас құлынды арнайы қайықпен құтқаруға тура келді.