Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
2
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Дәрі-дәрмек бағасы реттеліп, рецептсіз берілетін дәрілер тізімі жасалады

1133

Дәрілердің бағасы барлық жерде бірдей болады

Шілдеден бастап Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек пен медициналық препараттардың бағасын реттеу жөніндегі бұйрығы күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп жатыр. Осыған байланысты, бағаларды реттеу, дәрі-дәрмекті рецепт бойынша сату және жалған дәрі-дәрмектерге қарсы күреске қатысты бірқатар заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, министрлікке дәрі-дәрмектің бағасын реттеу құзіретін беретін заңнама нормасы күшіне енді. Аталған норманы жүзеге асыру үшін бағаны реттеу ережелері жасалды. Жаппай және жекелей сату бойынша шекті бағаларды бекітетін бұйрық дайындалды. Ол заңнама тәртібі бойынша бұйрық мақұлдауды күтіп жатыр. Әділет министрлігі бекіткеннен кейін шілде айында бөлшектік желілерде дәрі-дәрмекті сатудың шекті бағалары пайда болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова Үкіметтің баспасөз орталығында.

Комитет басшысының айтуына қарағанда, аталмыш бұйрық Денсаулық сақтау министрлігінің және аумақтық бөлімшелердің барлық ақпараттық ресурстарында жарияланады.

«Дәрі-дәрмектің бағасы белгіленген шекті бағадан төмен болады. Шекті бағадан қымбат болмайтыны анық. Бұл қадам елдің барлық аумағындағы баға саясатын реттеуге көмектеседі. Яғни,

белгілі атаулы дәрінің бағасы барлық жерде бірдей болады.

Баға ережелерін бұзғаны үшін 70-1000 АЕК дейін әкімшілік айыппұл салынады. Қайталанған заңбұзушылық тіркелсе, фармацевтикалық жұмысты тоқтатуға дейінгі шара қабылданады», – деді ол.

Рецептсіз дәрі алу жүйесі қатаң бақыланады

Фармацевтика саласының басымдықтарының бірі – рецепт бойынша дәрі-дәрмекті жазып беру және ол дәрілерді қабылдау жүйесін күшейту болмақ.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дәрі-дәрмектің 80 пайызы дәрігер рецептісі бойынша жазылып берілуі керек. ДДСҰ біздің елге талдау жүргізіп,

дәрігер кеңесімен берілуі тиіс препараттардың 50 пайызы ешқандай рецептісіз сатыла беретінін анықтады. Осы дәрі-дәрмектің 10 пайызы – Қазақстанда тіркелмеген, жалған дәрілер екені белгілі болған.

Рецептісіз берілген дәрімен емделу – сырқатты ұзартып жіберуі мүмкін. Дәрі-дәрмекті жүйемен, уақыты бойынша қабылдамаса – салдары күрделі болып кетуі мүмкін», – деді Людмила Бюрабекова.

Бұдан кейін Людмила Бюрабекова рецептсіз дәрі қабылдаудың қаупін түсіндіріп берді.

«Шынтуайтында, дәрі-дәрмекті рецептісіз қабылдау – өте қауіпті. Барлығыңыз мектепте химия пәнін оқыдыңыздар. Дәрі-дәрмек дегеніміз – міне, осы химиялық құрам. Осы препараттар ағзамызға еніп, денеміздегі мүшелермен, тіндермен, сұйықтықтармен химиялық байланысқа түседі. Олар ақыры бүйрек пен бауыр арқылы шығады. Сол себепті, дәрі-дәрмекті қабылдау ең бірінші кезекте дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Сонда ғана жанама реакцияны анықтап, препараттарды ауыстыру немесе оның мөлшерін азайту шаралары қабылданады», – деді ол.

«Қағазсыз аурухана» жүйесі енгізіледі

Сондай-ақ, рецептілерді жазып беру мен дәріханалардан препараттарды алу жолын жеңілдету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдан бастап барлық өңірге «Қағазсыз аурухана» жүйесін енгізбек.

«Қазақстанда дәрігердің рецептісі бойынша дәріханаларда дәрі-дәрмек сату – Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы емес. Бұл жүйе 15 жылдан бері қолданылып келеді.

Дәрігердің рецептінсіз сатылатын препараттардың тізбесімен министрліктің интернет-ресурстарында танысуға болады.

Рецепті жазып беру мен дәріханалардан препараттарды алу жолын жеңілдету үшін 2020 жылдан бастап министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмысты толық электрондық форматқа көшіру жоспарланып отыр», – деді Людмила Бюрабекова.

Оның айтуына қарағанда, «Қағазсыз ауруханаға» өту шеңберінде Қарағанды, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары рецептілерді жазып беру бойынша электронды форматқа көшіп кеткен.

«Ішкі нарықтағы дәрі-дәрмектің айналымын бақылаудың тиімді шараларының бірі – фармацевтикалық қадағалау жүйесі немесе «сары карта». Осы жүйе АҚШ пен Еуроодақтың халықаралық дәрежедегі жетекші реттеу органы саналады. Дәрі-дәрмекті тіркеу куәлігін кері қайтару немесе тоқтата тұру секілді шараларды Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы жүргізеді. Мысалы, осы жылдың 5 айында 18 препаратты кері қайтарып алу және сатылымын тоқтату туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, 43 препараттың 43 атауының жанама әсері болғандықтан, сатылымын тоқтаттық», – деді комитет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз