Уақытша тіркеуде тұрмаған қазақстандықтардың сары уайымға салынуына негіз жоқ. Жаңа заң бойынша оларға бірден айыппұл салынбайды. Тәртіп сақшылары алдымен тұрғындарға ескерту жасайды.
Бұл туралы ҚР Ішкі министрінің орынбасары Рашид Жақыпов «Хабар» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді, деп хабарлайды
Baq.kz тілшісі.
«7 қаңтардан бастап заң күшіне енеді. Кейін пәтерді жалға берушілер мен алушылар жаңа құжаттың талабын орындамаса, жазаланады. Яғни алдымен Әкімшілік кодекстің 492-ші бабы бойынша полиция оған ескерту жасайды. Азаматқа айыппұл салынбайды. Егер бір айдан соң бұл талапты орындамаса, тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жаза ретінде оған айыппұл салынады», – деді вице-министр.
Сонымен қатар Рашид Жақыпов аталмыш заң жобасының қандай мақсатты көздейтінін түсіндіруге тырысты.
«Бізде қалыптасқан жүйе дұрыс емес. Бұрын азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұруға мүмкіндігі болмаса, олар қалаған жеріне тіркеле алатын. Тіпті, ақылға қонымсыз деректер тіркелді. Өткен жылдың көктемінде Астана қаласында бір пәтерде 400 адамның «тұрып жатқандығын» анықтадық. Тіркелген азаматтар бұл жерде тұрақты тұрмаған. Ал олардың қайда екені ешкімге белгісіз. Сондықтан осындай сұрақтар туындамас үшін (заңға – ред.) өзгерістер енгізілді», – деп түйіндеді сөзін ол.
ҚР Ішкі министрі орынбасарының пікірінше, экстремизм мен терроризмге қарсы күресу мақсатында ҚР кейбір заңдарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар құқық қорғау органдарына азаматтардың қайда тұрып жатқандығын нақты білуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға септігін тигізбек.
Айта кетейік, бұған дейін біз жаңа талаптар азаматтардың қарсылығына қарамастан заңды күшіне енетінін, тіркеліп үлгермегендерге 10 АЕК немесе 22 690 теңге көлемінде айыппұл салынатынын хабарлаған болатынбыз. Бұл жаңа талап қоғам арасында қызу талқыға түсуде.