БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі дүйсенбі, 26 қарашада Керчь бұғазындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты шұғыл жиналыс өткізеді.
Жиналыс Украина мен Ресей тараптарының ұсыныстары негізінде өтеді. Мәскеу Азов теңізіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты шұғыл жиын өткізуді сұраған. Киев Ресей тарапының агрессивті әрекетіне наразылық танытқан. “Агрессордың мұндай бассыздығын бірге жұмылып қана тоқтатуға болады”, — деп жазды Twitter’дe Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Владимир Ельченко.
Азов теңізіндегі жағдай 25 қарашада күрт шиеленісіп кетті. Украинаның хабарлауынша, Украина Қарулы күштерінің үш кемесі Керчь бұғазында қару қолдану арқылы ұсталған.
Украиналық алты теңізші жараланған. Ресей Федералдық қауіпсіздік кеңесі Украина кемелері Ресей шекарасын бұзғаны үшін Қара теңізде ұсталғанын, сол үшін қару қолданылғанын хабарлаған.
Украина Жоғарғы Радасы дүйсенбі, 26 қарашада елде әскери жағдай енгізу-енгізбеу мәселесін талқылайды. Осындай шешімді Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесі қабылдады.
Дүйсенбіге қараған түнде Киевте Ресей дипломатиялық нөмірі бар автокөлік жанып кетті. Көлік дипломатиялық миссия ғимаратына жақын маңда тұрған. Бұның алдында Ресейдің Киевтегі елшілігіне түтін шығаратын шашкалар лақтырған.