Білім министрлігі биыл да жаңа реформа жасап, мектепке тың өзгерістер енгізбек. Соған сәйкес, білім берудің формасы да, оқушыға қоятын баға да басқаша болмақ.
Ерлан Сағадиев командасы биыл да ұстаздар мен оқушыларға, ата-аналарға біраз өзгерістерін дайындаған екен.
Ата-аналар әлеуметтік желі арқылы 2017-2018 оқу жылында бірнеше сыныптар арасында дәстүрлі күнделіктің қолданыста болмайтынын, сондықтан күнделік алу үшін асықпаңыздар деген ақпарат таратыпты. Әсіресе, 1-2 сыныптар үшін.
Министрлік өзінің ресми жауабында биыл бірнеше сынып жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ алады деп, алғашқы өзгеріс туралы айтқан.
“2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім алу мазмұнына көшеді.
Жаңа оқу жылында жазу дәптерлері мен күнделік өз қалпында қалады”, – делінген БҒМ-ның ресми жауабында.
Ал, жаңа оқу жылындағы жаңа бағалау жүйесі туралы ата-анадан бізге жеткен ақпарат расталды.
Министрлік биылдан бастап оқушылардың білімін критериалды бағалаудың тәртібін бекіткен.
“Критериалды бағалау жүйесі негізгі баға (министрлік жауабында “қалыптастырушы бағалау” деп жазылған) мен жиынтық бағадан тұрады. Негізгі баға қою кезінде балл мен баға қойылмайды. Негізгі баға оқушының ата-анасына кез келген әдістің көмегімен жеткізіп отырады” – делінген министрліктің ресми жауабында.
Министрліктің бұл өзгеріске қатысты мәліметін ары қарай қарапайым тілмен түсіндірсек. Биылдан бастап қолданылатын жиынтық баға екі факторға тәуелді болады екен. Яғни, біріншісі,
оқушы пәннің қандай да бір бөлімін немесе ортақ тақырыпты оқып бітірген соң, бір баға, ал тоқсан аяғында жалпы пәнді игеруіне байланысты екінші баға алады. Білімі балл түрінде және дәстүрлі баға түрінде бағаланады. Ал, жарты жылдық пен жыл соңында оқушыдан сынақ алынады.
Осылайша, бір бөлімді игеруіне және тоқсандағы біліміне қатысты балаға 50% де 50% принципі бойынша қорытынды жылдық баға қойылады екен.
Үш тілде оқыту саясатын ұстанған министр Сағадиев көптен бері айтылып жүрген бұл процесті, тіпті, тездеткен. 2019 жылдан бастап ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздардың жалақысына үстемақы қосатынын мәлімдеді.
Биылдан бастап Қазақстанның бар өңірінде 10-11 сынып оқушылары төрт пәнді шет тілінде оқуға көшеді. Бірақ тек бірінші қыркүйектен бастап және бәрі бірдей емес. Кезең кезеңімен.
“Жоғарғы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. 2017 жыл бойы республика бойынша осы төрт пәннен сабақ беретін 12602 мұғалім тіл курстарына қатысады”, – деп хабарланған министрліктің ресми жауабында.
Жалпы, Білім министрлігі ағылшын тілін мүлде білмейтін және бастапқы білімі бар мұғалімдерді (осы төрт пәннен сабақ беретін – авт.) ағылшын тіліне үйретіп жатыр.
Дәл қазір осы 12 мың ұстаздың 4356-сы “Назарбаев университетінде”, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде (НЗМ), “Ustaz professional development centre” оқу орталығы мен “Өрлеу” базасында қол үзбей және ішінара ағылшынша үйреніп жатыр. Жыл соңына дейін 12 мың ұстаздың барлығы осы курстан өтуі тиіс.
Биылғы жаңалықтың бірі – төрт сынып бес күндік білім алу жүйесіне өтеді.
“Әрине, биылғы реформаларды естіп-біліп отырмыз. 5-7 сыныптарға жаңартылған бағдарлама енгізіліп жатыр. Методикасы оқушыларды еркіндікке, өз ойын толық жеткізуге мүмкіндік береді, білімді өзі іздеп табуға үйретеді. Ал енді кітаптарын бірінші қыркүйектен бастап көрерміз. Министрлік бұл кітаптарды талқылау үшін сайтқа салған, қарадық, ұсынысымызды білдірдік.
1, 2, 5, 7 сыныптарға бес күндік оқу жүйесі енгізілді. Менің бір түсінбейтінім, сенбі күні оқушылар таңдау сағаттарын, үйірме жұмыстарын өтеді дейді. Сонда бес күндігі қайсы?”, – дейді „Ағартушы„ қоғамдық қозғалысының мүшесі Мейіржан Темірбек.
Ілкі жоба ретінде жұмыс істеп тұрған “Күнделік” жобасы қазір 4 мың мектепті қамтып отыр. Министрліктің мәліметінше, жүйеге 2,5 миллион адам тіркелген.
Ал, ұстаз Мейіржан Темірбек бұл жоба Ресейдің көшірмесі дейді.
“Күнделік” – біздің Ресейден көшіріп алған жобамыз. Ол жүйеге оқушыларды, мұғалімдерді, ата-аналарды енгізіп, жеке сабақ тақырыптарын кіргізесің. Сол жерде баға қоясың. Ата-ана үйде баласының бағасын бақылап отырады. Оқушыларға сол жерден тапсырма бересің. Жоғарғы оқу орындарындағы портал жұмысына ұқсас”, – дейді ол.
Бұл реформалар да өткен жылғыдай сынға ұшырап жүрмей ме? Өйткені асығыстық көрініп тұр, ал асығыс жерде іс шала болатыны белгілі. Интернет деген ауылға жетті дегеннің өзінде, оны ай сайын қостыруға ауыл халқының қалтасы көтере ме? Мұндайда тағы да ашулы ата-ана мұғалімге тап бермесіне кім кепіл?
Электронды күнделік деп қағазбастылыққа қоса, темірбастылық қосылып, мұғалімді компьютер алдында байлап, білім сапасын төмендетіп алмаймыз ба?
Иә, бұл арада осындай дүдамал сауал көп. Бұған жаңа реформа қолданысқа енгеннен кейін жауаптар өздігінен айтыла бастары сөзсіз. Сондықтан біз бұл ретте жаңашылдықтан жалықпайтын министр мырзаға “тақымыңызды қыса беріңіз” дегіміз келеді, басқа не дейміз?..