Баян Мақсатқызы жақында “құдағи” атанса, жақ ашып, таң қалудың қажеті жоқ.
Продюсердің қыздары көп. Үйдегі еркелері ғана емес, “Кешьюды” да, “Қазақ аруларын” да, тағы да басқа жобаларын өз баласындай көрмесе, кем көрмейді. “Қазақ аруы” атанған актриса Гүлназ Жоланова жақында отау құратынын айтып қалды. Бірақ, 2-3 жыл күту керек дейді. Күйеубала шешім қабылдап үлгермеген болар…
“Дәл қазір, 5-6 айдан кейін немесе бір жылдан кейін тұрмысқа шығамын деп айта алмаймын. Көре жатармыз, 2-3 жылдың ішінде шығар. Нақты тұрмысқа шыққан уақытта, кім екенін, қалай таныстым, не болғанын барлығын өзім айтамын”, – дейді Жоланова.
Бірақ, бұл тарапта болашақ жарының ғана қадамы емес, Баянның да жауабы өзекті рөл ойнары анық. Себебі, Гүлназ бен Есентаеваның арасында 5-жылдық келісімшарт бар. Ал шығармашылық жолында барлық туған мәселелерді Баян Мақсатқызы өзі реттеп береді екен.
“Продюсермен бірге талқылаймыз. Қандай фильм, қандай кейіпкер, ол өзінің кеңесін айтады. Бұл кейіпкер саған жарасады, жараспайды. Немесе бұлай болғаны дұрыс. Мына фильмге түскенің немесе түспегенің дұрыс деп айтатын кеңестері бар”, – деп түсіндірді Гүлназ.
Бірі тоқал болып, бірі некесіз бала туып, бірі мүлде продюсерді тойына да шақырмаған “Кешью” тобының қыздарынан Баян Мақсатқызы әлі жарытып “құдағи” бола қойған жоқ. Бар үміт “қазақ аруларында”. Олар мұндай қадамға бармайтын шығар… Бірақ, кім кепіл?
Сұқбат НТК арнасының, “Ревю” бағдарламасынан алынды.