Белгілі журналист Динара Сәтжан өзінің Youtube-тегі парақшасында продюсер Баян Есентаевамен болған сұхбатын жариялады.
Күйеуі Бақытбек Есентаевтан оңбай таяқ жеген продюсер осылайша ел көзіне көрінді.
Өз сөзінде Есентаева әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғайтын ұйым құрғысы келетінін айтты.
«Өзімнің басымнан өткен жағдайды бүкіл елге айтуға мәжбүрмін. Себебі, көптеген әйелдер қауымы осындай қорқыныш пен үрейде өмір сүреді. Оларды өз күйеуінен ешкім қорғамайды. Себебі, заң білмейді. Мен дәл осындай жағдайды басымнан өткердім. Осы себепті де әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғайтын ұйым құрмақ ойым бар. Жақын адамыңнан жапа шегудің қандай болатынын өз басым жақсы білемін” дейді Баян.
“Мен күйеуімнен оңбай таяқ жедім. Алайда әйелдер құқығын қорғайтын ешбір ұйым маған хабарласқан жоқ. Халімді де, жағдайымды да сұрамады. Бізде мұндай әйелдер қауымдастықтары жұмыс істейді. Алайда ендігі жерде нақты іспен айналысатын, әйелдердің құқығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қорғайтын ұйым құру қажет” дейді продюсер.
Баянның айтуынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен ресми түрде күресу керек. Әйелдер өз құқығын білуі тиіс.
“Мен күйеуімді жақсы көрген жоқпын. Тек уақыт озған сайын үйреніп кеттім. Бірақ соңғы екі жыл адам төзгісіз болды. Сондықтан да соңғы кездері ажырасу туралы ойлана бастадым. Алайда күйеуім “ажырасар болсаң, өлтіріп тастаймын” деп қорқытты.