Башар Асад хал үстінде жатыр. Мұндай алып-қашпа сөзді Батыстың бұқаралық ақпарат көздері таратып жатыр. Бір дерек бойынша, ол инсульт алды делінсе, тағы бірінде жеке күзетшісіне жасалған қастандықтан соң ол сал болып қалды деп келеді.
Александр Гусев, РФ стратегиялық жоспарлау және болжау институтының дирекоры:
«Башар Асад та адам, темірден жаралған жоқ, сондықтан оны науқастанып қалды делік. Өмірде бәрі болады ғой. бірақ өз басым бұл дерекке мүлде сенбеймін. Өйткені оның медициналық білімі бар, қартайып тұрған адам емес, сондықтан ол өз-өзін күте алуы тиіс. Қазір біз бұл ақпаратты түрлі дерек көз арқылы тексеріп көріп жатырмыз. Ал егер бұл ақпарат расталатын болса, онда барлығы уысымыздан шығып кетуі әбден мүмкін. Қазір оппозиция өкілдерімен өте қажетті тақырыпта келіссөздер жүріп жатыр.
Тағы бір жағынан, үкімет әскері кері шегінуде, Алеппоны босатып, Ракки жаққа бара жатыр. Мұндайда халықаралық деңгейде тыйым салынған лаңкестік ұйымдар қайтадан күш алады. Ал ақпарат расталмаса, онда Астана процесі кезінде қолға алынған дүниелер өз күшінде болып, әскери операциялар бәсеңси береді. Одан соң тағы да келіссөз үстеліне отырып, тараптар бұл мәселені әлі талқылауы керек», – дейді деп хабарлады Вfm.ru.
Айта кетелік, Сирияның «Сана» ресми агенттігі Башар Асад туралы хабар таратпағанына осымен бесінші күн. Ресми түрде Дамаск Башар Асадтың науқастанып қалғанын жоққа шығарады. Ал «әл-Ихбария» үкіметтік емес телеарнасы Асад дүйсенбі күні Венесуэла президенті Николас Мадуромен телефон арқылы сөйлесті деп мәлімет таратты.