Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Бәсе, Путин жіберіпті. Соловьев Қазақстанға дәріс оқуға ғана келмейді…

 Ол кім? Ол – Украинаның қас жауы. АҚШ ол үшін азғындаған ел. Батыс АҚШ-тың құйыршығы. Оның тілінде:

«демократия – Американың әлемді басқару үшін ойлап тапқан құралы, қаруы». 

Қауіптісі: бүгін оларға Украина жау. Ертең басқа ел. Ол біз болуымыз да мүмкін…

Орыс халқы оның сөзіне имандай сенеді. Дуалаған, алдап-арбап тастаған өйткені. Қорқыныштысы, осындайлардың кесірінен орыс халқы бұдан былай өзгеше ойлай алатын қабілеттен айырылуы мүмкін.

Олардың ой-санасын Соловьев/Киселев (Кремльдің тағы бір қолшоқпары) тандемі жүгендеп алған, өйткені.  «Мәңгүрттендірудің» заманауи тәсілін тамаша меңгерген.

Иә, сіз оны көкжәшіктен күнде көресіз. Біздің ақпараттық кеңістік ашық-шашық жатыр өйткені. Іргеміз түрілген. Әлдеқашан. Украинаны ашық жамандап, АҚШ пен Батысты балағаттап, орыс әлемінің құндылықтарын ұлықтап отырған «Ресей 1» телеарнасына біраз ел тосқауыл қойды. Тек, біз емес.

Путин оның еңбегін жоғары бағалайды. Ресей президентінің рейтингін 90 пайызға өсіріп отырған, күллі орыс халқының санасына «патшадан басқа тәңір жоқ» деген түсінікті сіңдірген де осы – Соловьев.

Ол Путинге керек. Дәл осындайлардың көмегімен Кремль жарты әлемге жалған ақпарат таратып отыр.

Cоловьев не деді? Не деп жүр? Ол тұтас украин ұлтына қалай тіл тигізді? АҚШ-ты қалай айыптады? Оның бірқатар даулы мәлімдемелерін теріп алдық. Тағы бір қайталап айтайық. Оның сөзіне сенуге болмайды!

  • Жаңаресей жобасы аяқталды ма? Жоқ, жалғасын табады. Бізге Луганск пен Донецкіні тартып алудың қажеті қанша? Ертең бұлар Украина құрамындағы автономияға айналса, Украина ешқашан антиресейшіл ел болмайды.Аталған екі автономия бүкіл Украинаны фашистік күштерден азат етеді. Міне, сол кезде Харьков, Одесса, Днепропетровск….көтеріледі. Сол кезде Луганск пен Донецкі ғана емес, тұтас Украина біздікі болады. Біз бұл елді ешқандай оқ атпай партизандық отрядтардың көмегімен аламыз.
  • Жаңаресейді, Донбассты ешкім сатқан жоқ. Украина өз халқын қыра бастағалы бері Донбасстан Ресейге млн-ға тарта адам көшіп келді. Олардың жартысы еркектер. Ресейге не үшін келгені белгісіз. Өз үйіңді, өз отаныңды қорғап қалғың келсе, қолыңа қару ал да, соғысқа шық! Әйтпесе, сендер үшін соғысып, өлетін басқа біреулер табылады дейсіңдер ме?
  • Ресей Обама ойлайтындай «аймақтық держава» емес. Біз ұлы империяның мұрагеріміз. Путин Қырымды қол астына қаратқанда, күллі ресейліктердің кеудесін қуаныш кернеді. Біз бабаларымыз қан төккен, 2 млн-ға тарта орыс тұратын жерді өзімізге қайтардық. 

Мұндай мысалдар көп. Қайсібірін айтамыз. Басымызды айналдырып алуы мүмкін. Осы да жетер.

Солай деген Соловьев Қазақстанға келе жатыр. Шеберлік сабағын өткізбек. Сөйлеуді. Сөз бермеуді. Сөз тыңдамауды үйретпек.

Былайша айтқанда, қазіргі Ресейдің саясатын насихаттамақ. Баратындар бар ма екен? Бар ғой. Көп қой…

Думан Бықай 

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз