ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтару келіссөздері жалғасып жатқанын айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер: «Әлеуметтік желіде Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға оралды деген ақпарат жарияланды. Бұл қаншалықты рас?», – деп сұрады.
Өз кезегінде Ғалымжан Қойгелдиев қазір ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратура Қазақстан азаматын Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты.
«Бұл жұмыс тоқтамады, яғни белсенді түрде атқарылып жатыр. Жақын арады бұл жағдай бойынша оң шешім болып қалады деп сенемін. Атап айтқанда, бұл бағытта жұмыстар оңай емес», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуге қатысты арызын жолдаған.