Қарағандыда есігін ашпаған әйелдің пәтеріне құтқарушылар терезе арқылы кіруге мәжбүр болды.
Бұл туралы eKaraganda басылымы жазды.
Құтқару қызметіне әйелдің қызы мен немересінен шақырту 23-сәуірде кешкі уақытта түскен. Соңғы уақытта егде жастағы әйел байланысқа шықпай кеткен, барғанда есігі үнемі тарс жабулы. Ақыры бірдемеден күдіктенген қызы есікті бұзу үшін құтқарушыларды шақырады. Оқиға орнына келген мамандар 5-қабаттағы пәтерге ашық тұрған терезе арқылы кірген. Зейнеткер залда жатқан. Оның басына балта қадалып тұрған. Полицейлер оқиға орнын дереу қоршауға алған.
“Қызы ас үйдің терезесінің ашық тұрғанын айтты. Мен шатырдан түсіп қарасам, терезе ашық екен, кірдім де, дереу есікті ашып, полицейлерді ішке кіргіздім. Полиция залға кірсе – бір әже жатыр, үстіне көрпе жабылыпты, басына балта қадалған”, – деп хабарлады құтқарушы Тұрсынхан Тоқтасов.