Астанада “Бала дауысы” ұлттық балалар ән байқауы үшінші кезеңінің Гала-концерті өтті. Алты айда жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 3756 балақай іріктеу сынында бақ сынаса, ақтық бөлімде өнер көрсетуге 19 бүлдіршін ие болды.
Марапаттау рәсімін ашқан Әлия Назарбаева Гала-концерттің қонақтарына өз ойын айтты.
“Біз қазір материалдық құндылықтарға басымдық берілген заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті, мен бүгінде “Бала дауысы” сынды жобаларды қажет деп есептеймін. Біз мұнда өнер әлеміне, әдемілік пен шаттыққа көңіл бөлеміз. Құрметті үлкендер қауымы! Мен баршаңыздан өз балаларамызға қалдыратын мұралар туралы ойлануларыңызды сұраймын.
Мен төрт баланың анасы ретінде балаларым бейбіт елде, таза табиғатта, мейірімді адамдар көбейіп, рухани құндылықтар жанданған заманда өмір сүргенін қалаймын. Біз барлығымыз осы істі қолға алуымыз керек! Сол себепті, бірінші өзімізден бастауымыз керек”, – деді Назарбаева.
Сондай-ақ, “Жандану” қорының құрылтайшысы өнерлі әрі талантты балалармен мақтанатынын айтап, оларды бір-бірін жақсы көруге, Отанын сүюге шақырды.
Алты байқау бағдарламасы қорытындысы бойынша телекөрермендердің Халық сүйіктісі” сыйлығы Маңғыстау облысынан келген Дильназ Тілеповаға табысталды.
Бірінші екінші, үшінші орындар Мәулен Ахметқалиевке, Темірлан Осымқұловқа және Амина Жапарға бұйырса, үшінші кезеңнің бас жүлдесін Қостанай облысы Владимировка ауылының 10 жастағы тұрғыны Болатхан Исатай иеленді.
Осылайша, Исатай Қазақ ұлттық өнер университетінің мамандандырылған мектебі грантын және париждік Диснейлендке баруға билет жеңіп алды.
Марапаттау соңында Әлия Назарбаева жеңімпазды құшақтап алып, өз тілектерін білдірді.