“Алматы – өмір мен бизнес үшін қолайлы қала” атты инновациялық форумы кезінде Алматы қаласының әкімі қаланы Копенгагенге де, Нью-Йоркке де ұқсатпайтынын жеткізді.
Бұл туралы BAQ.kz тілшісі хабарлайды.
– Біз Копенгаген, Нью-Йорк, Ыстамбұл қалалары сияқты болғымыз келмейді. Біз өзіндік бірегей қаламыз, тауларымыздың өзі ерекше. Біз жақында туризм туралы әңгімелескен болатынбыз. Расында да табиғат бізге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Алматы туристік орталықтардың үздік бестігінде тұр. Бірақ біз қалған мәселелерді шешуіміз керек
– дейді Бауыржан Қыдырғалиұлы.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Алматы қаласы үшін ең негізгі жұмыстардың бірі – көлік реформасын жүргізу.
“Алматы көліктерге арналған қала емес, керісінше, тұрғындарға арналған қала екенін білеміз. Бізде екі негізгі өлшем бар: экология мен көлік саласы. Сіздер қаланың ластануының 80 пайызы осы көліктерден болатынын білесіздер. Сондықтан біздің басты мақсат – көлік реформасын жүргізу. Тұрғындардың көпшілігі қоғамдық көлікпен жүруі үшін автокөліктердің санын азайтуы керек”, – деген ұстанымда екенін жеткізді Бауыржан Байбек.