Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
9
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

«Баха-баха!». Шымкентте 1 миллион доллар бопсалаған депутаттың соты басталды (фото)

267

Айыпталушы ел арасында “Баха-баха” деген лақап атпен әйгілі. Бірнеше тойхана мен балаларға арналған ойын-сауық кешенінің қожайыны кезінде аудандық мәслихат депутаты болған. Ал жәбірленуші Батырбек Зиятаев сол Сайрам ауданының қазіргі депутаты. Кеңес заманындағы әйгілі темір-бетон зауытының, яғни, “Теміртас” ЖШС-нің директоры. Отыз жыл бойы отбасы болып араласқан атақты азаматтардың арасындағы дау енді сотта қаралуда.

Сот отырысында екі жақтың куәгерлерінен жауап алынды. Белгілі болғандай, наурыздың 17-і күні Бақытжан Аймырза өз үйінде құдайы ас беріп, жора-жолдастарының басын қосқан. Кездесу соңында отағасы жасы жетпіске таяған жолдасын қалдырады. Оларға бірнеше жылдар бойғы достары Əбдуəзиз Давлетбек қосылған. Содан, үй иесінің мəжбүрлеуімен жәбірленуші өз иелігіндегі зауытты Аймырзаның атына аударып беруге келісетіні жайлы сенімхат жазуға мәжбүр болыпты. Оны сотта куə болған Əбдуəзиз мырза жәбірленушінің атынан өз қолымен жазғанын мойындады.

Депутат Зиятаевтың айтуынша, өзі 20 жыл бойы басқарып отырған жол жөндеумен айналысатын кәсіпорнының құрылтайшылары басқа азаматтар. Ал жолдасы Аймырза сол зауыттың кезінде өзінің атақты ағайынына тиесілі болғанын алға тартып, одан 1 миллион доллар бопсалаған. Олай болмаған жағдайда, кәсіпорынды күштеп тартып алуға бел буған.

Атақты отбасынан шыққан белді бизнесмен бұйрық еткен қомақты қаражатты үйінде күткен. Оны Зиятаевтың қол асында істейтін азамат өз қолымен апарып берген.

– Бастығым апарып беретін “сыйлығым” бар, деді. Соны алып бар, деген соң келістім. Полиция киімімнің ішіне жазатын қондырғылар жапсырып жіберді. Сары қалтада сегіз пачка болды. Аймырза оны көріп, көлігіне қоюды бұйырды, деді сот барысында куəгер Мирзамат Ташболатов.

Сотта сөз алған айыпталушының əйелі Сəуле Рамазанова бұл ақшаны жәбірленуші өткен жылы қарызға алғанын айтып, күйеуіне шаң жуытпады. Жәбірленуші Зиятаев отбасының бір мүшесіне айналып, жары оны өмір бойы “көке” деп сыйлап келгенін айтып, ағынан жарылды.

Сотта жәбірленушінің қорғаушысы тергеу жұмыстарының шалалығын айтып, полиция тарапынан өрескел заң бұзушылықтар орын алғанын атап көрсетті. Соған сәйкес, куəгер Əбдуəзиз Давлетбек қылмыстың басы қасында болып қана қоймай, оған ықпал етуіне қатысты үстінен қылмыстық істің қорғалуын талап ету жайлы өтініш білдірді. Оларды судья Дəурен Мадалиев жауапсыз, ашық қалдырды.

Аймырза бопсалаған 1 миллион доллар жəбірленуші басқаратын мекеменің жыл басында жеңіп алған 360 миллион теңге мемлекеттік тендердің көлемімен тең келуі де сөз болды сотта. Алайда, Зиятаев ақсақал бұл қаражаттың бопсалаған ақшаға еш қатысы жоқтығын, өзінің тендер жайлы ол кезде жақ ашпағанын айтты.

Естеріңізге салсақ, осыдан екі ай бұрын ірі кəсіпкерден 1 миллион доллар бопсалаған 54 жастағы экс-депутат қамалған болатын. Ол өзі талап еткен ақшаның бір бөлігін, 9 миллион 400 мың теңгесін өз үйінің ауласында алып жатқан жерінен ұсталған.

Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін қарау барысында 9 қару-жарақ пен мыңға жуық әр түрлі калибрлі оқ дәрілерді тәркіледі.

Аса ірі көлемде ақша бопсалап, адамды өз еркінсіз бостандығынан айырып, қару-жарақ, жарылғыш заттарды заңсыз иеленгені үшін айыпталған Аймырза мырзаға қатысты атышулы іс əлі жалғасуда. Қалталы азаматтардың қақтығысы немен аяқталары əзірге белгісіз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз