Қазақстандық қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде секс-құлдыққа тап болған, бірақ жолы болып, отанына оралуға мүмкіндік алады. 18 жастағы Ақботаның басынан өткен жайтты “НеМолчи.kz” қозғалысы сайтында оның көшбасшысы Дина Ысмайылова айтып берді.
Ақбота атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген. Ата-анасы ажырасқан, анасы “әкеңе тартқансың” деп үнемі қызының жер-жебіріне жететін көрінеді.
“Ол атасын жанынан артық жақсы көретін. Ол кісі өте мықты ұстаз болған. Тіпті қазір есіне түсірген сайын көзіне жас алады, өйткені көзінің қарашығындай мәпелеп өсірген жалғыз арқа сүйері болатын. Атасы 16 жасында қайтыс болған екен”, — дейді Ысмайылова.
Автордың сөзіне сүйенсек, атасының қазасынан кейін Ақбота анасының қолында тұрады, бірақ екеуінің қарым-қатынасы түзеле қоймайды. Бойжеткен отбасынан көрмеген махаббатты басқа жақтан іздей бастайды. Өз күнін өзі көру үшін даяшы болып қызметке тұрған. Бір жолы анасымен ренжісіп, құрбысының үйіне қонуға барады, сол түні Ақботаны зорлапты. Тағы бір кикілжіңнен соң Біріккен Араб Әмірліктерінде үй тазалаушы болып жұмысқа тұрғызуға уәде берген таныс әйелдің көмегіне жүгінген.
Қыздың әбден “басын айналдырады”: шетелге кетпей тұрып, арам іске қатысы бар басқа бір әйелдің қолында тұрады. Ол Ақботаның асты-үстіне түсіп, күтіп, БАӘ-де керемет өмір сүретініне уәде береді.
“Ақыры кететін күн де келеді: әуежайда көлік пен микроавтобус күтіп тұрады, алдағы өмірінен зор үміт күткен жап-жас қыздар да болған! Қыздар мінген автобус бірден ұшаққа бет алады. Олар бұған одан сайын мәз болып, паспорттық бақылаудан өтпегенін қаперіне де алмаған. Бәрі ойдағыдай болып көрінеді”, — деп Дина Ысмайлова кейіпкердің тағдырын әрі қарай баяндайды.
Ақбота алданғаны туралы шетелдегі қонақүйде бір-ақ біледі.
Ақбота үйіне қашып келеді, бірақ көп ұзамай аяғы ауыр екені анықталған. Онымен қоймай, венерологиялық ауру жұқтырыпты. Қыз сәбиін дүниеге әкеліп, бар өмірін соған арнағысы келеді.
Ысмайлованың айтуынша, қазір Ақбота сәбиімен бірге халықаралық құқық қорғау ұйымының бағдарламасы бойынша алыс шетелге кетіп қалған.