Белгілі қаламгер Марат Тоқашбаев соңғы кездері ел арасында жиі талқыланып жүрген қазақ-түрік лицейлеріне және олардың жабылуын талап еткен Түркияның позициясына қатысты көзқарасын білдірген екен.
Оның айтуынша, Елбасы түрік әріптесінің көңілін қалдырғысы келмеген болу керек. Бірақ, мұндай әрекет екінші бір мемлекеттің ішкі ісіне қол сұғу болып табылады.
– Өз басыма мүлде ұнаған жоқ. Бұл не сонда? Қазақстандағы түрік мектептерін Ердоған тексерсе, орыс мектептерін Путин тексерсе, өзбек мектептерін И.Кәрімов тексерсе, ұйғыр мектептерін Си Цзиньпин тексерсе, біздің еліміздің Тәуелсіздігі қайда қалады?– дейді қаламгер.
“Ертеңгі күні Ердоған өзіне ұнамайтын бірдеме тауып алып біздің мектептердің бағдарламасын өзгерт десе немесе ана мұғалімді жұмыстан шығар десе не дейміз? Сөз жоқ, біз Түркияны жақсы көреміз. Бірақ, өз еліндегі былықтарын былай қойғанда Ердоғанның жүгенсіздігі туысқан елдердің қарым-қатынасына ойысып бара жатқаны ойлантады”, – деп түйіндейді сөзін Марат Тоқашбаев.