Қазақстанда 2016 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы шекті көтерме бағасы 23 106,45 теңге/тонна болып белгіленді.
Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
2015 жылдың ақпанында сұйытылған мұнай газының еліміздегі көтерме бағасы тоннасына 11 033,91 теңге деңгейінде белгіленді. Ал енді бұл көлемнің шекті бағасы биыл 23 106,45 теңге болды.
«Сондықтан еліміздің ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз ету және өндіруші зауыттардың шығындарын азайту мақсатында ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығымен, 2016 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы шекті көтерме бағасы тоннасына 23 106,45 теңге/тонна болып белгіленді», – делінеді ҚР Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
ҚР «Газ және газбен қамту туралы» заңына сәйкес, сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы шекті көтерме бағасын ҚР энергетика министрлігі белгілейді және ол еліміздің барлық аймағында әрекет етеді.
Газдың ішкі нарықтағы шекті көтерме бағасын белгілеу ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын айқындау ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.