Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
8
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

Қазақстан жетімін жылатпайды

Жиынды ашқан «SOS Қазақ­станның балалар ауылы» корпо­ративтік қоры қамқоршылар ке­ңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов бұл бас­қосудың маңыздылығын айта келіп, елімізде балалар құқығын қорғау бойынша көптеген жұмыс­тар атқарылып жатқанын, әсіресе, жетім балаларға қамқор болу ісі басты назарда тұрғанын сөз етті.

Одан әрі депутат жетім ба­лаларға қолдау көрсету бағы­тында тиісті шараларды жүзеге асыру жалғаса беретінін жеткізді.

– Біз алдағы үш жылдық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын тал­қы­лау барысында әлеуметтік жетім­дерге және олардың балалық шағын жайлы өткізулерін қолдау мақ­сатында 1 миллиард теңге бөлу­ді қарастырдық. Бұл бюджет Парламент Сенатына жолданды. Сенат депутаттары біздің ұсынысымызбен келіседі деп ойлаймыз, – деді С.Сейдуманов.

Бұдан кейін сөз алған «SOS Қазақстанның балалар ауылы» корпоративтік қорының директоры Жанаргүл Құсманғалиева өзі басшылық жасайтын қордың жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміз бойынша қызмет көрсетіп отырған Астана, Алматы және Теміртау қалаларындағы SOS балалар ауылдарындағы 34 отбасында 340 бала тұрақты түрде тәрбиеленуде. Бұл ауылдарда тәрбиеленіп шыққандардың 165-і жоғары және кәсіби білім алған. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда осы ауылдардың 127 түлегіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілген.

Басқосуда жетім балалардың құқықтарын қорғауды жүзеге асырудағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметі, тағдырдың жазуымен ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектерді қолдау ісінде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтаса жұмыс істеу жолдары да талқыланды. Бұдан бөлек, жиын барысында SOS балалар ауылының жұмысын Қазақстан аумағында тарату жайы, сондай-ақ, бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдарды тарту мақсатында заңнамалық мәселелерді шешу туралы сөз болды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар «SOS Астана балалар ауылы» тәрбиеленушілерінің тұрмыстық жағдайларымен танысты.

Айта кетейік, мұндай типтегі балалар үйін алғаш рет 1949 жылы Австрияның Имст қаласында дәрігер Герман Гмайнер деген аза­мат ашқан екен. Қазіргі таңда мұн­дай балалар үйі әлемнің 135 елінде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бұл мекемелер «SOS Kinderdorf Іnternational» халықаралық қоры аясында қызмет көрсетуде. Қазақ­станда Сара Назарбаеваның бастама­сымен алғаш рет 1994 жылы «SOS Қазақстанның балалар ауы­лы» қоры құрылып, ол SOS Kin­derdorf International халықаралық қорына мүше болу сертификатын алды. Ал 1995 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің және аталған халықаралық қордың арасында келісім жасалды. Содан кейін, яғни, 1997 жылы Алматыда, 2000 жылы Астанада, 2004 жылы Теміртауда SOS балалар ауылы құрылды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз