Астана әкімі Әсет Исекешев тұрғын үйлердің ішіне кіріп-шығатын жолдардың санын көбейтіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды кеңейту қажет деп есептейді.
«Бүгін қаланы аралап, жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаны тексердім. «Құлагер» тұрғын үй кешенінің 2 және 4-ші үйлері маңындағы жолға дейінгі алаң толығымен асфальтталып, автотұраққа айналады. Аулаға шлагбаум орнатып, көліктерді кіргізуге тыйым салу үшін пәтер иелерінің кооперативі арқылы тұрғындармен келіссөздер жүргізудеміз. Аулаларға балаларға арналған ойын және спорттық алаңдар орнатып, кішігірім саябақ жасаймыз», – деп жазды әкім Facebook-тегі өзінің парақшасына.
Астанада жаяу жүргіншілерге арналған кең жолдар салынады.
«Тағы бір мәселе – Тұрғын үйлерге кіріп шығатын өтпе жолдар. Биыл Есіл ауданында осындай 18 жол саламыз. Бүгін «Инфинити» ТК үйлері маңындағы жұмыс барысын тексеріп келдім. Бұл жұмыстар мамыр айында аяқталып, барлық өтпе жолдар асфальтталады. Сондай-ақ, Сығанақ көшесінен ЭКСПО-ға дейінгі Қабанбай батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да – маңызды жобалардың бірі. Жаяужол ені 4,5 метрді құрайды, оның 3 метрі – жаяу жүргіншілерге, ал 1,5 метрі велосипедшілерге арналған», – деді әкім.