Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Астанада аутизмге шалдыққан балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтеді

255

«Әр бала мектепке лайықты» – аутизм және басқа да ерекше күтім қажет ететін балалардың жалпы білім алуына, заман ағымына сай өмір сүруіне жағдай жасауға бағыталған. Аталған жобаны іске асыру барысында «Болашақ» корпоративтік қорына 700-ден астам өтініш келіп түсті. Олардың барлығы да сапалы білім алуға талпыныс білдіретіндерін жеткізген.

Жоба аясында Астана мен Алматы қалаларының он мектебінде инклюзиялық кабинеттер іске қосылды. Осылайша, қоғамдық өмірден бей-жай қалып үйде білім алып жатқан 120 бала қатарластарымен бірге мектеп есігін ашты. Бүгінде олар сабағымен қатар, алуан түрлі үйірмелерге қатысып, дарындарын шыңдауда, өнер жолын таңдағандар да жоқ емес. «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Чайжунусова дәл осындай жобаны іске қосуға себеп болған жайттармен бөлісті.

«Біздің елімізде инклюзивті білім беру қарқынды дамып жатыр. Сондықтан біз дәл осы санаттағы балаларды таңдауды, оларға көмек қолын созуды жөн көрдік. Әдетте, бұл бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуі, адамдармен қарым-қатынас орнатуы қиынға соғады. Оны өз іс-әрекеттерімен де көрсететін кездері болады. Біздің мамандардың айтуынша олар үшін белсенділік аса қажет. Сол себепті арнайы жасақталған мамандар қатары да бар. Әр баланың мінез-құлқына, қызығушылықтарына қарай жекелей бағдарламалар ойластырылды. Одан бөлек оларға американдық білікті маман жетекшілік етеді. Онлайн-дәрістер, сабақтар ұйымдастырылады. Бұл ретте, біздің қызметкерлер де үлкен тәжірибе алады, кейін оны балғындармен жұмыс жасағанда қолданады, әрине».

Бұл іс-шараларды халыққа жеткізу мақсатында «Болашақ» корпоративтік қоры баспасөз қызметкерлері үшін таңғы ас ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар мен жоба қатысушылары өз жетістіктерімен және «Аутизм спектрінің ауытқуы» диагнозына тап болған жандар мен олардың отбасыларының қиындықтарымен, оларды жеңу жолдарымен бөлісіп, қонақтармен пікір алмасты.

Биыл инклюзивтік білім беру аймақтық білім ошақтарына да енгізілмек. Ресурстық орталықтар Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Алматы, Атырау және Шымкент қалаларында ашылатын болады.

Бағдарлама 1 сәуір күні «Керуен» ОСО басталады. Ол жерде ұйымдастырушылар қатысушылар үшін естен кетпес кеш дайындамақ. Қатысушылар үшін арнайы музыкалық және шығармашылық орындар жасақталады. Аквагрим, көркемдік шеберлік сағаттары, мольбертте сурет салу, Legoзона және аниматорлардың көңіл-көтеретін бағдарламалары кештің басты ерекшеліктері. Одан бөлек, кішкентай қонақтар үшін «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинозалында аутизмге шалдыққан балалар үшін қазақ тілінде «Коко құпиясы» атты мультфильм көрсетілімі жоспарланған. Балаларға ыңғайлы болу үшін кино көрсетілетін зал арнайы жиһаздармен және техникалық құралдармен қамтылады. Айта кету керек, кинотеатрдың барлық қызметкерлері «Болашақ» КҚ мамандары дайындаған арнайы тренингтен өтті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз