Астана әуежайында кеденшілер декларациясыз алып өтпек болған мобильді құрылғылардың бірнеше партиясын анықтады. Жалпы 10 жолаушының жүгі тексерілген. Солардың бірінің сөмкесінен 50 смартфон табылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жолаушылар «жасыл дәліз» арқылы өткен. Олар кедендік декларациялауды қажет ететін тауарлары жоқ екенін мәлімдеген. Алайда кедендік бақылау кезінде олардың жүгінен көп мөлшерде техника анықталған.
«Жолаушылардың жүгінен барлығы 223 iPhone 18 смартфоны және 10 жұп AirPods табылды», – деп хабарлады комитет өкілдері.
Ең көп смартфон бір жолаушының жүгінен шыққан. Оның багажынан бірден 50 смартфон табылған. Мұндай мөлшердегі смартфон жеке пайдалануға арналған тауар ретінде есептелмейді.
Комитет мәліметінше, жеке тұлға кеден шекарасы арқылы жеке пайдалануы үшін екі смартфоннан артық алып өте алмайды. Егер тауардың саны көп болса немесе жеке пайдалануға арналған зат деп есептеуге келмесе, оны міндетті түрде декларациялап, кедендік рәсімдеуден өткізу қажет.
Табылған барлық iPhone мен AirPods уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Анықталған 10 жағдай бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр.