Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Ас-тұзымнан айырылдым!”. Танымал кәсіпкер бір күнде тақыр кедейге айналыпты

 

Атырауда рейдерліктің жаңа түрі пайда болған ба? 

«AsiaCreditBank» берген несиемізді кешіктірді деп, құны миллиард теңгеге бағаланған «Тұз» компаниясын сот арқылы тартып алып, басқа бір кәсіпкерге су тегінге сатып жіберіпті. Бұл туралы «Тұз» ЖШС-ның директоры, белгілі кәсіпкер Әбірбек Тоқтыбаевтың өзі айтты.

Әбірбек Тоқтыбаев

«Банк мені алдап соқты. Түгімді қалдырмай тартып алғанымен қоймай, қылаяғы зейнетақымды да бергізбей отыр»

– дейді кәсіпкер.

Сөзіне қарағанда, банктен алдымен 290 миллион теңге, кейін тағы 150 миллион теңге несие, яғни, кредит алған. Осы кезде оның компаниясының барлық жылжымайтын мүлігін, екі зауытын, компанияға тиесілі темір жол тұйығын және авто жолын, мемлекеттен 20 жылға жалға алған 164 гектар кен өндіретін жерімен қоса, Алматыдағы үйін және компанияның 100 пайыз негізгі жарғылық акциясын кепілге қойдырған.

Ақыр аяғында, “кредитті уақтылы қайтармады” деген сылтаумен сот арқылы компанияны түгелдей тартып алып, кәсіпорын қожайындарын далада қалдырған.

«Бұрын-соңды мұндай заңсыздықты естімеппін. Мен елімізде әділдік бар, заң бар деп жүрдім. Миллиардтаған теңгеге бағаланған компаниямды бір күнде небары 61 миллион теңгеге сатып жіберді», – деп күйінеді кәсіпкер.

Әрі қарайғы оқиғаны кәсіпкердің өз аузымен хронологиялық тәртіп бойынша баяндағанымыз дұрыс болар. 

Игі ниет

“2001 жылы «Тұз» ЖШС компаниясын құрып, Атыраудағы Индер ауданынан жаңа жұмыс орнын бастадық. Бірден жұмысқа қызу кірісіп, бір жылдың ішінде жүйелі жұмыс істейтін жағдайға жеттік. 2003 жылы “Тұз” ЖШС компаниясын қайта тіркеуден өткізіп, компанияны толықтай өз меншігіме алдым. Менің 55 пайыз, әйелімнің 45 пайыз үлесі болды.

2005 жылы ас тұзын шығара бастадық. Жергілікті әкімдікпен келісе отырып, «Индер» өзеніндегі алаңы 164 гектарды құрайтын кен орнындағы тұз қорын өндіруге құқық алып, мемлекеттік келісімшарт жасадық. 2010 жылы тұз өндірген аумақтың орнында қалатын тұзды суды қайнатып, қайта өңдеу арқылы таза су өндіру идеясы туды. Атырауда таза ауыз су тапшылығын жоятын ірі жоба жасап, жан-жақты әзірлендік.

Бірақ…

Осы жобаны жүзеге асыру үшін 2011 жылы«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында «AsiaCreditBank» арқылы несие алуды жоспарлап, сол жылғы тамыз айында 230 миллион 300 мың теңгені 5 жылға қарызға алдым. Сол қаржының және компанияның негізгі капиталының көмегімен 2013 жылы жылдық қуаты 30 000 тонналық натрий гипохлоритін өндіретін зауытты іске қостық. Бұл жоба толық жүзеге асса, жоғарыда айтқанымдай, облыс ауыз су жетіспеушілігінен толық құтылар еді.

2013 жылы 9 айда «AsiaCreditBank»-тен тағы да 150 миллион теңге қосымша несие алуға бардым. Оған дейін несиемізді график бойынша кешіктірмей төлегенімізге қарамастан, ұзақ ойланды. Ақыры, “компанияның барлық дүние-мүлігін қайта бағалатыңыз, содан кейін береміз” деді.

Екі жыл бұрын бағалатып, банктен несие алғанымды айтсам да, олар көнбеді. Ақыры айтқандарын орындап, қайта бағалаттым.

Кепілге компанияны ғана қойғам жоқ 

Несиені алар кезде банктің араны ашылды. Кепілге қоятын компанияның бірнеше миллион долларлық зауыттары, көптеген жылжымайтын мүліктері, 15 км темір жол тұйықтары, мемлекеттен жалға алған 164 гектар кен орнын пайдалану құқын, өндірістік база ғимараттары жоғарыдағы соманы алуға жеткіліксіз деп ұйғарды.

Олар менен Алматыдағы жеке үйім мен құрылтайшылардың (мен және әйелім) «Тұз» ЖШС-дағы жарғылық капиталымызды кепілге қоюымызды талап етті. Мен үшін жаңа іске қосылған зауытымды өнімді жүргізу керек болды. Олардың талаптарын орындап, несиені алдым.

Былайша айтқанда, банк бізді алдап соқты.

Банк маған 6 бөлікке бөліп, 119 миллион теңге берді де, соңғы 31 миллион теңгені кешіктіріп, әртүрлі сылтау айтып, бермей қойды. 2014 жылы сәуірдің 1-і күні кесте бойынша несиемді төлеп, банкке қайта кірдім.

Оларға:

“31 миллион теңгені бермесеңдер, маған несиемді жаңа жылдың басынан бастап төлеуге мүмкіндік беріңдер”, деп өтініш айтып едім, ауызша келісті.

«Сізге жаңа график ұсынамыз» деген уәделеріне сеніп, түсірген өтінішіме мөр бастырып алдым да, жаңа жылды күттім.

Мөр менің қолымда дәп қазір!  

Ең қызығы 

 2014 жылғы 26-желтоқсанда маған соттан шақырту келді.

Банк 9 ай бойы несиесін төлемей жүр деп көрсетіпті! 

Банкпен арамыздағы ию-қию сот осы кезден басталды. 

 2015 жылғы 9-қаңтарда банк экономикалық сотқа жүгінді, олар мұны қалалық сот қарайды деп шешім шығарды. 2015 жылғы ақпан айында сот менің компанияма бұғау (арест) салды. Онымен қоймай, менің зейнетақымды да бергізбей тастады!

2015 жылғы 6-мамырда қалалық сот 370 миллион бес жүз теңге банкке және мемлекеттік кіріс үшін 11 миллион 700 мың теңге төлейсің деген шешім шығарды. Жалпы, 381 700 000 теңге төлеуім керек болды. Мен соттан мұндай соманы бірден төлей алмайтынымды айтып, несиені қайта құрылымдау үшін арыз бердім. Оларға 3 жыл уақыт ішінде төлеп боламын дедім.

Бірақ бұған банк көнбей, бір жолда төлеуімді талап етті.

 

Сот орындаушылар 

2015 жылы маусым айында банк жеке сот орындаушыларын жалдады. Барлығы 5 сот орындаушының алдынан өттім. Ең соңғысы, Еркін Сұлтанғалиевтен көрмегенді көрдім. Ол банкке компания есепшотынан 40 миллион теңге өндіріп берді. Бұрынғы өндіріп алған теңгелерді қосқанда, несие үшін 49 миллион 500 мың теңгені сот орындаушылары арқылы төлеген екенмін. Бұл сот құжаттарының ешқайсысында көрсетілмеген! Олар ештеңе төлеген жоқ деп отыр. Компания мен банк арасындағы әртүрлі құжаттарды сен компания иесі емессің деп, көрсетпейді.

Әлгі Сұлтанғалиев 2016 жылғы 8-желтоқсанда менің компаниямның негізгі жарғылық капиталын небары 61500 000 теңгеге сатып жіберді. Сенесіз бе? Бар-жоғы осы сомаға. 

“Қағаз жүзіндегі” компания 

 «Тұз» ЖШС-ын «Каспиан сервис» деген компания сатып алды. Ол 2013-16 жылдар аралығында ешқандай салық төлемеген, былайша айтқанда, пайда да,таппаған, зиян да тартпаған «қағаз жүзіндегі» компания екен. Соттың соңын күтпестен, әлгі компанияның басшысы бір машина бандитсымақ жігіттерді бастап келіп, біздің қарауылдар мен жұмысшыларды машинаға күштеп тиеп, Индерге апарып тастапты.

«Егер қайта келсеңдер, аяқ-қолдарыңды шағамын» деп доқ көрсеткен.

Содан бері біз өз мекемеміздің ауласына кіре алмайтын болдық. Естуімізше, олар компанияға тиесілі мүліктерді, техникалық құрылғыларды шетінен сатып жатқан көрінеді.

2016 жылы мен өз компаниям мен оның мүлкін қайта бағалатқанмын. Олар 1 миллиард 59 миллион 869 мың теңгеге бағалаған. Ал банк болса, оны сатар кезде 51 миллион 894 мың теңгеге сатылымға шығарады да, 61 миллион 500 мың теңгеге сатып жіберді. 

Шын мәнінде, банк алдындағы қарызды толықтай жабуға жылжымайтын мүліктің жартысы да жетер еді. Қалалық сот менің шағымымды қанағаттандырғанымен, апелляциялық сот олардікін заңды деп тапты. Түсініксіз жайттар өте көп.

 Үйіме дейін тартып алды 

 Банк менің ондаған миллион долларлық құны бар компаниямды тартып алғанымен тынбай, кепілге қойған Алматыдағы үйімді де сатылымға шығарды.

Менің соңғы мүлкім осы еді.

Банктің есебі бойынша, мен оларға әлі 78 миллион теңге қарыз екенмін.

23-мамырда тағы да сот болады. Мен бұл істің ақырына жетпей қоймаймын. Өйткені, құлап жатқан компанияны орнынан тұрғызып, осы күнге жеткіздім. Оны өркендету, дамыту үшін несие алдым. Ал олар бір күнде менің барлық мүлкімді тартып алып, далаға тастамақшы.

 

Елбасыға жүгінемін 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтардың тірлігіне орынсыз қол сұқпаңдар деп, үнемі айтатын сөзін тыңдар құлақ барына сеніп келдім.

Әлі де сенемін. Соңына дейін күресемін.

Ендігі үмітім Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Бас прокурор Жақып Асанов мырзада. Елбасы үнемі еліміз өркендеуі үшін кәсіпкерлікті дамытуға тиіспіз деп айтып отырады. Бұл секілді бассыздыққа жол бермес деген ойдамын. Осы компанияны құрып, күн-түн демей жұмыс істедім. 60-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым. «Ас тұзы» өңірге емес, республикаға танымал брендке айналды. Ешкімнің алажібін аттап, қулық-сұмдықпен күн көрген емеспін”, – дейді күйінген кәсіпкер.

P.S. Біз бұл кісінің сөзін сөйлеп отырған жоқпыз. Кәсіпкер өз шындығын айтты. Өз тарапымыздан қарсы жақтың пікірін де жариялауға әзір екендігімізді хабарлаймыз. 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз