Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Аршалы ауданында жылына 60 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ – Ақмола облысы

Аудан əкімінің айтуынша, ЭКСПО-2017 қарсаңында қоқыс өңдейтін кəсіпорынның құрылысын Арнасай ауылында қолға алу жоспарланған. Тұрмыстық қалдықтар аудандағы ауылдар мен Астана қаласынан жеткізілетін болады. Қоқыс сұрыпталады жəне терең өңделеді.

Қазіргі кезде зауытты салу үшін жер телімі анықталып, германиялық инвесторлармен əріптестік туралы меморандумға қол қойылған.

Оған қоса, ауданда Индустрияландыру картасы шеңберінде 9 жоба жүзеге асырылуда. “Оның ішінде «ДС-Гранит» ЖШС-де қырлы тас, жиек тас өндіретін комбинат құрылысы жобасы,  «LK-KZ» ЖШС-нің кірпіш зауытын кеңейту жобасы бар”, – деді А.Тайжанов.

Сонымен қатар аудан басшысы өзге салаларға да тоқталып өтті: “Өткен жылмен салыстырғанда, ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі де артып, 10,9 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі  110,3 пайызды құрады.

Ағымдағы жылда аудан бойынша жаздық егіс 190,4 мың га алқапты қамтыды, соның ішінде астық пен дәнді-бұршақты дақылдар 173,1 мың гектар алқапта егілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3 мың гектарға артық. Мал шаруашылығының өнімінің негізгі түрлері көлемі ұлғайды: ет (110,3 пайыз), сүт (101,7 пайыз) және жұмыртқа (125,9 пайыз).

Құрылыс жұмыстары көлемі 28,1 пайызға артып, 9,8 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі 120 пайызды құрады.

18034 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,7 пайызға артық.

Әлеуметтік салаға келетін болсақ, халықты жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан істер көп. Ағымдағы жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 615 жұмыссыз өтінішпен келген,  олардың 539-ы жұмысқа орналастырылды. 2016 жылдың 9 айында 57 жұмыссыз тіркелген. 149 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберіліп, 8 миллион 761 мың теңге қаржы игерілді.

Сондай-ақ, ауданда білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Білім саласына биылғы жылы жалпы аудандық бюджет есебінен 53,7 пайыз қаражат жұмсалды. 2016 жылы білім беру ұйымдарының ағымдағы жөндеуіне 49,6 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша 12,8 миллион теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 21,8 миллион теңге, аудандық бюджеттен 15,0 миллион теңге бөлінді”.

Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған. Тегін ыстық тамақпен 559 бала қамтылған, бұл жалпы оқушылар санының 15 пайызын құрайды. Ыстық тамақпен 82 пайыз, буфеттік тамақпен 18 пайыз қамтамасыз етілген.

«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде айтатын болсақ, 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз ету  – 55,1 пайызды құрайды.

Медициналық қызметкерлердің жұмысы «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулықты сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Ауданның денсаулық сақтау саласының жиынтық бюджеті 589,45 миллион теңгені құрайды.

Жалпы, Аршалы ауданында қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. «Ауданның дамуы тек қана экономикалық бағытта ғана көрініп отырған жоқ. Мәдениет, тұрғындардың рухани жан байлығы да дамуда», деп қорытындылады сөзін аудан əкімі.

41

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз