Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Арманға қанат бітірген кездесу

441

Түлектер арасында «Болашақ» жастар қозғалысының көшбасшысы, саясаткер, журналист, «Сана» бағдарламасының жүргізушісі Дәурен Бабамұрат, танымал әртіс, Астана қаласының «Жастар» театрының белді актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, қазіргі таңда кәсіпкерлікке баулитын «Versus» атты бизнес-мектептің негізін салушы Мейірбек Жұмабек, футзалдан Қазақстан құрамасының құрамында чемпиондыққа жеткен, Әлем чемпионатына қатысқан Нұрсейіт Төреқұл болды. «Түлектеріміз-мақтаныштарымыз» деген арнайы тақта жасалып, мектеп оқушыларына үлгі, насихат ретінде дәлізге ілініпті.

Кеш барысында ардагер ұстаздар атсалысып, аты аталған азаматтардың киім киісінен бастап, есте қалған көптеген қылықтарын еске түсірді. «Кеше өздеріңдей бала болды, бүгін ел танитын атақты азамат боп отыр, біздің еңбегіміздің жанғаны, шәкіртіңнің жетістігіне қуанғаннан артық бақыт жоқ ұстазға» деді мектепте денешынықтыру сабағынан сабақ беретін Айдар Жұмекеев.

«Біз оқыған кезде ең қызықты сабақ – дене шынықтыру болатын. Футбол десе, ішкен асымызды жерге қоятынбыз. Айдар ағайымыздың арқасында біз мінез қалыптастырдық. Мақсатқа жетпей тынбау керектігін ұғындық. Бұл кісінің бізге бергені көп екенін кейін біліп, түсіндік. Рақмет сізге, ағай» деді бір естелігінде Әділ Ахметов. Оқушылар Ә.Ахметовтен өзінің өнер мектебін аша ма деп сұрады. Оған әртіс «әлі ертерек, бәлкім, кейін сәті түссе, ашуға болар» деп қысқа жауап берді.

«Мектепте жүргенде мақсат қоя біліңіздер, мақсаты бар адам ештеңеден ұтылмайды. Түбінде сол мақсатқа жетудің бір амалын табады. Мен өзімді қалыптастыру үшін көптеген мамандықтарды оқып көрдім, сынадым, ақырында осы кәсіпті үйретуге бел шеше кірістім. Сондықтан ізденісте жүріңіздер. Бір оқу оқыдым, сонымен өмір бітті деп ойламаңыздар, оқушылар, бәрі адамның ішкі отына байланысты» деді өз естелігінде Мейірбек Жұмабек. «Осы Мейірбек мектепте үлкен портфель ұстап жүретін, сол кезде әзілдеп айтушы едім, сен директор боласың деп, айтқаным айдай келіп, қазір тіпті таң қалып қоямын» деп Мейірбектің оқушы кезін еске алды Айдар Жұмекеев.

«Қазіргі таңда бастауыш сыныптарда дене шынықтыру сабағын күнделікті өткізу туралы ұсыныс даярлап жатырмыз. Ойлап қарасам, біздің мақсатшыл, табанды болып өсуімізге барлығымыздың да дене шынықтыру сабағын қатты жақсы көргендігіміз себеп болған сияқты. №58 мектеп футболдан алдына жан салмайтын. Оның үстіне сол кезде мектептегі ұстаздардың 90% ер кісілер болатын. Олардың көптігі сондай, бізбен бірге футболдан жеке команда боп жарысатын. Біз оларды кезінде «12 класс» деп атап кеткенбіз. Баланың қимылы ширақ болған сайын, оның ойлау қабілеті де қатты дамитынын ғалымдар дәлелдеп жатыр, соған ұмтылсақ деген ойымыз бар» деген есті сөз айтты Дәурен Бабамұрат.

Кездесуге келген 11 сынып оқушылары ҰБТ-ға қалай дайындалдыңыздар деген сауал тастады. Оған Нұрсейіт Төреқұл мен оның ұстазы қатар жауап берді. «Футболдан жарысқа барып жүрген кезім. Апайларым сабақты қашан оқисың деп ұрсады. Сонда уәде бердім, мен үшінші тоқсанда тек сабақ оқып, ҰБТ-ға дайындаламын деп. Кейін ҰБТ-ны жақсы тапсырдым, оқуға түстім. Дегенмен өзіме көңілім толмады. Апайларым үшінші тоқсаннан бастап дайындалдың, уақыт жеткілікті болды ма деп сұрады. Сондағы ойлана келе екі аптасы кем түсті деп мойындадым. Егер желтоқсан айынан бастап ҰБТ-ға дайындалсам, нәтиже одан да жоғары болар еді» деп ағынан жарылды спортсмен жігіт.

Айдар Жұмекеев Нұрсейіт туралы, «қолы сынып жатса да, футболдан да, жарыстан да қалмайтын, қайтсем де чемпион болам деуші еді, сол арманына жетіпті» деп отырған көрерменді бір күлдіріп алды.

Жиын соңында Дәурен Бабамұрат ұстаздарына алғысын білдіре отырып, оқушыларға ақылын қосып, бітіріп кеткен түлектер тарапынан алтын ұя мектептеріндегі ең үздік оқушыға стипендия тағайындасақ деген ойын айтты. Бұған оқушылар ду қол шапалақ соқты. Ұстаздар қайран қалысты, ризашылығын білдірді. Кездесу соңы селфи мен қолтаңба алуға жалғасты. Тамаша кездесу талай жастың жүрегіндегі асқақ арманға қанат бітірді деп сенелік.

Шынар Әбілда, Алматы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз