Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-4
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

“Амалдың жоғынан қарғаған…”. Теріс батаның құдіреті қандай?

1140

Жасағына келіп, ауылда бізге қарсы шығар ешкім жоқ «Абылайлап» шабыңдар, дейді. Тыныш жатқан ауылға қырғидай тиген қырық жігіт көп жылқыны қозыкөш жерге айдап барғанда, соңдарынан бір адамның қуып келе жатқанын байқайды. Бұл бағанағы жас жігіт еді. Ол келе сала сайыста бірнеше жігітті аттан түсіріп, Ағыбайдың өзін де шоқпармен ұрып өтеді. Шоқпар батырдың қайың ерінің қасын быт-шыт сындырады. Ағыбай батыр ойланып жатпастан найзасын сілтейді. Құлап түскен жігіттің сеңсең тымағы құлап қолаң шашы жайылған қыз екенін көреді:

Әр адам қасіретін көзден ұқты,
Болғанмен жан шыдамас қанша мықты.
Найзаны зорға тартып алғанымда,
Ышқынып қыздың жаны бірге шықты.

Бұны көрген Ағыбай батыр есі ауып құлап қала жаздайды. Болары болған соң, басқа амал жоқтықтан қыздың денесін алып Бостан байдың ауылына келеді:

Хабарлап, Бостан байға алып жүрдік,
Бұл кезде шығып қаппыз жолға күндік.
Қаралы қайтқан көштей ұбап-шұбап,
Ауылға бесін ауа келіп кірдік.
Жалғыз перзентінің қаза болғанына қайғырған қыздың әкесі сонда Ағыбай батырға теріс бата береді:
Бостан бай жас сорғалап сақалынан,
Қан жұтып қайғыменен қапаланған.
Мән-жайын білгеннен соң жортуылдың,
Қос қолын теріс жайып бата қылған:
– Ел сыйлап, қадірлеген, ханым Кене,
Осы ма бергендігің елге өнеге?
Бүлік сап тыныш жатқан ауылыма,
Бар еді қанды кегің қандай менде?

 

Жазықсыз жан болды ма белдескенің,
Жау болып шыққаны ма ел дескенім.
Жіберсең сәлем айтып ат керек деп,
Шетінен көзін тізіп бермес пе едім?…
Өсірген ұл орнына жалғыз қызым,
Шынымен таусылды ма дәм мен тұзың?
Мал жиған зияны жоқ бір шал едім,
Сұм тағдыр, мені қайдан көрді көзің?
Қазақтың жетпеді ме ен даласы,
Бар еді қандай құның менде аласы?
Келгенде жетпіс төртке қу бас шалдың
Жазылар енді қайтіп жан жарасы?!
Айтқам жоқ төрде отырып елге билік,
Ел-жұртым сыйлаушы еді жетпіс үйлік.
Жазығым бір құдай мен Кенеханға,
Жылқымның болғаны ма бәрі жүйрік?
Түн болды енді, міне көрген күнім,
Қапамен қайғы жұтып, шықпайды үнім.
Тал қармап тұңғиыққа тастағандай,
Бар еді қандай жазық, қандай мінім?
Қол жетпес шынар едім өскен биік,
Ішіме жалын-шоқты салды күйік.
Бұл малдың енді маған керегі не,
Алып бар Кенеханға бәрін жиып.
Қалыппыз жер шұқылап төмен қарап,
Айтқандай бізге қарғыс барлық алап.

Теріс батаның нақты мәтіні жоқ. Себебі қазақтар бұл ғұрыпқа «теріс батадан аулақ» деген көзқараспен қараған.

Бұндайда қатты күйініш кешкен адам не айтатынын өзі шешетін болған. Қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» роман-эпопеясында теріс батаның бір мәтіні келтірілген. Немересі Әмірдің сал-серілік құрғанын жаратпаған Құнанбай, ашуланғаны соншалық оны қатты қылғындырады. Арасына Абай түспегенде не болары белгісіз еді: «Талып жатқан күйінен есін жаңа жиып, екі көзін алартып ашып атасына жаңа қараған Әмірге, Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр. Намаздағыдай мінажат. Қимылын, суық тілек қимылын жасады. Әмір мен Абайға қатар созды. Бұл – теріс батаның, қарғыс батаның белгісі. Нұрғаным мен Ізғұтты екеуі, екі жақтан ұлардай шулады.

– Я, құдай, қабыл етпе!,

– Жаратқан, елең алма! Не сұмдық! Қарғыс айтқалы жатыр ғой, өз балаларына! – деп үркіп үн салды. Бірақ, Құнанбай енді оларды перуәйіне де ілген жоқ. Жүгініп алып, көлденең жатқан немересінің кеудесінің үстіне теріс батаның алақанын жайып тұр.

– Қызарып атқан таңда, мына зауал таңда… Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бәдбәхіт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я кәрім алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім. Ақ тілегім со болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғарғылдардың! – деп қолының сыртымен теріс батасын етіп салды. Есін енді жиған немересі мен Абайға: – Шық! Жоғал, жойыл көзімнен! Ұрпағым екенің шын болса, құрбан еттім екеуіңді. Садаға еттім сен екі шіріген жұмыртқаны, бар да өл! Тез өл! Жөнел! – деді».

Теріс бата туралы белгілі жазушы Сәбит Мұқанұлы да өзінің өмірбаяндық «Өмір мектебі» кітабында жазған:

«Бөліс күні мен Нұртазаның ас үйінен шықпай, шөке түсіп жатып қалдым. Ендігі қорыққаным – Мұстафа үйі жағынан айғай-шу еді. Мен ойлаған ем, «ашулы мінезді Мұстафа, өзгеге емес, үстіне тіккен үйін жығып бөлерде шыдамай, жанжалдасар, деп, «Сілеусін мен Ұлтуған дауыс көтеріп жылар, мені қарғар» деп.

Олардың бірі де өйтпеген. Үйді жығарда жалғыз ауру Мұстафа ғана төсегінде жатып қап, өзгелері тысқа шыққан да, бөлшектеген құрым үйге, көз жастарын ғана төгіп үнсіз қарап тұрған.

Үй жығылып, ашық аспанның астында қалғанда Мұстафа көзінің жасы ақтарылған бейнемен басын көтеріп, теріс жайған қолымен, мені емес, Нұртазаны қарғаған».

Әдетте қазақ теріс батаға амал жоқтықтан баратын болған. Турасын айтқанда теріс батаны ешкім де бергісі келмейді. Кейбірде сөзге тоқтамаған кезде, шектен шыққан қылықтар жасалынғанда, немесе әке балаға айтқанын істету үшін солай етемін деп ескертетін кездер болған.  Атақты театр және кино артисі Қанабек Байсейітұлы жасырақ кезінде Талдықорғанға қыдырып барып, досымен бір ай ойын-сауық құрып кетеді. Содан әкесі іздеп келіп үйге қайт дейді:

« –  Үйде қатын-баласы бар адам сыртта жүріп көңіл көтермейді, сенің бұзылғаның анық. Қайт, қайтпасаң, теріс батамды берем!

– Көке, өзім де ертең үйге барып қайтайын деп ойлағам. Елдің айтқаны өтірік, – деп ант-су іштім.

Әкем ауылға сол күні кетіп қалды, ертесі мен де шықтым». Өз өмірінде болған бұл оқиғаны Қ.Байсейітұлы естелігінде баяндаған.

Рухани құндылықтары мол, салиқалы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға бай қазақ халқының болмысының сирек кездесетін теріс бата берудің қысқаша тарихы осындай.

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз