1 қыркүйектен бастап Алматыда коммуналдық төлем құны қымбаттайды. Суық су бағасы 66 теңгеге жетсе, жылу құны 6 пайызға өседі. Тариф құнының өсуі қаладағы жылу желілерінің – 57,9, су желісінің – 54,3 кәріз желісінің – 57 пайызға тозуымен байланысты болып отыр. Мамандар баға көтерілсе, су мен жылу желілерінің тозуын 3 пайызға, қалған инженерлік желілердің тозу деңгейін 1,2 пайызға төмендетуге болатынын айтты.
«2025 жылы су желілерінің кем дегенде 104, сондай-ақ жылу желісінің 39 және электр желісінің 120 шақырымын жөндемекпіз. Қалалық коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын көтеріп, білікті мамандар қатарын ұлғайтуымыз керек», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбақыт Серікбай.
Ал шаһардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов коммуналдық қызметтердің өсуіне байланысты 2023 жылдан бері әлеуметтік осал топтың қатарындағы адамдарға өтемақы беріліп келгенін атап өтті. 0,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді 140 мыңнан астам азамат алған.
«Өтемақыны алып жатқан азаматтарға құжат өткізу қажет емес. Ал жаңадан қосылған алматылықтар аудан әкімдіктеріне барып, қосымша алгортим бойынша құжаттарын тапсырады, өтінім береді», – деді Бауыржан Жаубасов.