Сол күні қыздың анасы жұмысына ертерек шығып кеткен. Үлкен қызы мектепке кеткен. Ал түстен кейін оқитын 11 жастағы кіші қызы үйде жалғыз қалыпты. Сол уақытта мас ер адам үйге басып кіріп, қызды зорлап, ешкімге айтпауын ескертіп, кетіп қалған. Ол кетісімен қыз бала анасына хабарласқан.
«Маған қызым хабарласып, үйге белгісіз ер адамның келгенін айтты. Айғайламас үшін аузын жапқан. Жерге жатқызып, шешіндірген. Ісін бітірген соң, «ренжіме» деп қолын сүйіп, ешкімге айтпа деп қорқытып, кетіп қалған», – дейді қыздың анасы.
Анасы қызының осы оқиғадан кейін ешкіммен сөйлеспейтінін, шошып қалғанын айтады. Бұл үйге (времянка) олар екі апта бұрын көшіп келген. Айына 70 мың теңге төлеп тұрады. Күдіктіні отбасы мүшелерінің ешқайсы танымайды. Қазір күдікті ұсталған.
«Үйдің есігі ашық тұрған. Қыз бала үйде жалғыз болған. Күдіктіге қарсылық көрсете алмаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Сараптама тағайындалды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер оның кінәсі дәлелденсе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Алматы Полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.