Алматыда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗМБСҰО) аумақтық филиалының фармакологиялық сынау зертханасының базасында COVID-19-ға (QazCovid-in ®️) қарсы қазақстандық инактивацияланған вакцинаның клиникаға дейінгі зерттеулері аяқталды.
Вакцина тәжірибелік жануарларға үлкен дозаларды енгізу арқылы қауіпсіздігі пен уыттылығы мұқият тексерілді. Енгізу орнында аллергиялық реакция мен тітіркендіретін әсердің болмайтыны анықталды, деп хабарлайды ДЗМБСҰО баспасөз қызметі.
Жалпы зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздік деңгейі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды. Вакцинаның жануарлардың ішкі органының жұмысына әсері де бағаланды.
Клиникаға дейінгі зерттеулер көрсеткендей, COVID-19-ға қарсы отандық вакцина улы емес және оны одан әрі клиникалық зерттеу жүргізу үшін ерікті адамдарда қолдануға болады.
«Жаңа вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін толық бағалап, қазақстандықтарға салынатын вакцина әзілеу үшін кең ауқымды клиникалық зерттеулер қажет, —
деп атап өтті Алматы фармакологиялық сынақ зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Валентина Шнаукшта. —
Зерттеудің барлық кезеңдерінен кейін ғана вакцинаның толық қауіпсіздігі туралы айтуға болады».
Эксперименттер ДЗМБСҰО-ның өз виварийінде жүргізілді. Фармакологиялық зерттеулер зертханасы Словак Ұлттық аккредиттеу қызметінің халықаралық аккредитациясына ие. Бүгінгі таңда бұл биоэквиваленттілік зерттеулерін жүргізетін Қазақстандағы жалғыз зертхана.
Вакцина коронавирустық инфекциямен ауыратын қазақстандық науқастардан бөлінген вирус штаммы негізінде биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-де әзірленді. Әзірлеме ДДСҰ-да клиникаға дейінгі зерттеулерге рұқсат етілетін кандидаттық вакцина ретінде тіркелген.