Құтқарушылар Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген өзенінің бойында және «Түргенсай» демалыс аймағында демалып жатқан туристерді эвакуациялап жатыр. Нөсер жауын салдарынан Түрген өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Түрген-Ассы автожолының 25-шақырымын су басты.
Сондай-ақ, Түрген өзенінің 6-9-шақырым аралығында орналасқан алты киіз үй мен «Түргенсай» демалыс аймағының аумағын су басты. Бұдан бөлек, қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара зақымданған. Сонымен қатар Үлкен Алматы каналы бойындағы көпір маңында топырақ шайылған.
«Қазір туристік нысандар мен туристік аймақтарда жүрген демалушылар эвакуацияланып жатыр. Жағдай бақылауда, су басудың салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр», – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Оған Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің, полиция мен төтенше жағдайлар қызметтерінің басшылары жетекшілік етті.