Балалардың денесінен ұрып-соғу белгілері анықталған.
Алматы облысы Кербұлақ аудандық ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне Сарыөзек ауылында бірнеше баланың ата-анасының қамқорлығынсыз өз күндерін өзі көріп, көптен тұрып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті деп хабарлады ҚазАқпарат.
Полициядағылар бір ай бұрын Медетова деген келіншектің өзінің үш баласын, атап айтқанда 9 жастағы Мәдинаны, 8 жастағы Жібекті және 5 жасар Томиристі туған апайына тастап, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылына мал бағуға жалданып, жұмысқа кеткенін анықтады.
Сонымен қатар бұл үйде Медетованың үш баласынан тыс, тағы үш кішкентайдың бары анықталды. Олар – 12 жастағы Мирас пен Ернар және 7 жастағы Диас.
Полициядағылар балалардың денесінен ұрып-соғу белгілерін анықтағанын айтады.
Қазіргі уақытта Кербұлақ аудандық ішкі істер департаментінің қызметкерлері балалардың ата-анасын іздеп, олардың қайда жүргенін анықтауға тырысып жатыр. Соттық-медициналық сараптама тағайындалатын болады.
Бұл факт Кербұлақ аудандық ішкі істер департаментінде тіркелді.