Алматы Халықаралық әуежайында такси қызметі жүргізушісі мен жеке көліктің жүргізушісі клиентке таласып, төбелесіп қалды.
Төбелес әуежай аумағында болған, деп хабарлады Tegnrinews.kz. Қазіргі уақытта полиция төбелестің неден шыққанын анықтау үстінде.
“Жәбірленуші – такси қызметінің жүргізушісі арызданудан бас тартты. Кейін полицияға компанияның атынан арыз түсті. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестрінде “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” бабы бойынша тіркелді.
Сот-медициналық сараптама жасалады. Сонда ғана белгілі болады, себебі жәбірленушінің өзі әлі күнге арыз жазған жоқ. Шағым болмаған соң, біз қандай деңгейдегі жарақат алғанын анықтау үшін тіпті сот-медициналық сараптаманы да бекіте алмаймыз”, – деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оның айтуынша, жеке тасымалдаушының аты-жөні анықталып, одан жауап алынған. Төбелес дерегі бойынша Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатыр.