Шымкентте 19 отбасын алдап соққан «журналист» ханымға қатысты сот үкімі шықты. Оған сәйкес, енді Бағила Қадырбаева өмір бойға журналистика саласына араласуға құқы жоқ.
Бағила Қадырбаева
Алданған азаматтар оған кемі 2 миллион теңгеден жиып берген. Алғашқы жарна ретінде ақшаларын құйған азаматтар қолдарына пәтерлерінің кілттеріне дейін алып үлгерген. Тек ол кілттердің еқшайсысы бірде бір пәтердің есігін ашпапты. Құжаттардың жалғандығы расталған соң ішкі істер органдарына біртіндеп шағым үйілген.
Сот барысында бірнеше азаматқа қарыз ретінде қайтарған жылжымайтын мүліктердің өзі жалған құжаттармен рәсімделгені анықталды. Осыған қатысты аузы күйген жұрт айыпталушының үстінен қайта шағым жазуға мәжбүр.
– Менен алған 6 миллион теңгенің орнына жақында кішігірім жай салынған жер берген болатын. Міне қызық. Сөйтсем, ол құжаттар да жалған екен. ол үйдің нақты қожайындары менің алқымымнан алды. Амал жоқ, қайта арыз бердім. Мұндай сұмдыққа қараңыз, сонда оған бұл құқжаттардың бәрін оп-оңай жасап жатқан кім? Әрине дөкей! Тек әзірге ол белгісіз. Сотта бірнеше лауазым иесінің аты айтылды. Бірақ ешқайсысы отырысқа шақырылған жоқ, дейді жәбірленуші, «Темірқазық-ой» құқықтық, ақпараттық газеттің бас редакторы Анар Сүлеева.
Жапа шеккен жұрт Бағила Қадырбаеваның жергілікті биліктің арасында арқа сүйері болғанына сенімді. Бірақ бұл мәселе әзірге жабулы қазан күйінде қалды. Айыпталушы сот ісі бойынша алданған азаматтардан 90 миллион теңгеден астам ақша алған. Әл – Фараби аудандық сотының төрағасы Маратәлі Бекназаров Қадырбаева ханымға үш айда қарызынан құтылуды жүктеді. Олай болмаған жағдайда, жапа шеккендердің ақшасы мәжбүрлі түрде қайтарылады, делінді сот үкімінде.