Оның туысқандары қарыз ақшаны кәсіпкер 40 күннің ішінде сұрап келсе, береміз дейді.
“Ақтөбе-Шалқар” пойызының жолсерігі өз үйінде ірі сомада қарыздануына байланысты асылып, көз жұмды деп жазады Aktobetimes.kz.
“Әділбек маған келді. Өзіне 1 миллион теңге алды деп мәжүрлеп, біреулердің қолхат жаздыртып алғанын айтты. Бірақ жағдай, әрине басқалай. Шалқардағы Абай деген кәсіпкер үнемі Ақтөбеден тауар тасылмалдау үшін одан ақша беріп жібереді екен. Бұл жолы да сөйткен. 1 миллион 10 мың теңге беріпті. Бірақ ол оны вагон купесіне тығып тастаған”, – дейді Самит Нүркен.
Заңгердің айтуынша, сол күні пойызды көлік полициясы қызметкерлері тексеріп жүрген. Ақтөбеге бағыт алғанда олар жолсеріктің купесіне кіріп, Ембі стансасынан шығатын туысқанымен сөйлесу үшін өздерін жеке қалдыруды сұраған. Ол өз жөнімен шығып кеткен. Пойыз Қандыағашқа тақағанда әлгі полицейлер купеден шығады. Жолсерік бірден тығулы ақшасын ойлап, оны тексеруге ұмтылады. Оның күдігі расталып, ақша орнында жоқ болады. Ол бірден полицейлерге жақындап ақшасын қайтаруды сұрайды. Әрине, олар бет бақтырмайды. Өздерін ақтау үшін полицейлер тоқтаған стансаның ЛОП қызметкерлерін шақырады.
Марқұмның апайы Гүлнәр Ісмағұлова бауырын бопсалады деп есептейді.
«Бірнеше күннен кейін Әділбекті Шалқардағы полиция бөлімшесіне шақырды. Жоғалған ақшаға қатысты деді. Ал ол жаққа бара жатқан жолда кәсіпкердің адамдары оны ұстап, күштеп қолхат жаздыртқан».
Заңгер де қолхат туралы мәліметті растап отыр. Сонымен марқұмның туыстары бауырының қырқына дейін кәсіпкер қарыз ақшаны өзі сұрап келсе, береміз деп отыр екен.