Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
16
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Ақтөбе су тасқынын алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр

Естеріңізде болса, былтырғы көктемдегі су тасқыны кезінде саяжайдағы 600-ден астам үй суға кетіп, 81 баспана тұруға жарамай қалған еді.

Ақтөбеліктер былтырғы су тасқынын ұмыта қойған жоқ. Тасқын кезінде саяжай үйлері бірнеше күн су астында қалған еді. 1500 адам қауіпсіз жерлерге көшіріліп, 800 адам уақытша қабылдау пункттерін паналады. Мамандар бұл жағдайға қыстай жиналған қардың тез еріп кетуі себеп болғанын айтты. Әрі былтыр қар мөлшерден бірнеше есе көп түсті.

Ал мамандардың биылғы болжамы бойынша, судың жайылу қаупі жоқ. Қала маңындағы 3 су қоймасы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін болады. Облыстағы ең ірі «Қарғалы» су қоймасы 280 млн текше метр су жинауға арналса, қазір мұнда 116 млн текше метр су қатып жатыр. «Сазды» су қоймасы да небәрі 28 пайыз су жинаған. Қазір мұздың қалыңдығы 50-60 см шамасында. Мұз ерігеннен кейін, суды тиісті мөлшерде ағызып отырады.

Бекзат Нәметов, «Қазсушар» РМК Ақтөбе бөлімшесінің басшысы:

– «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, барлық су, қардың қалыңдығы өз мөлшерінен, нормасынан төмен. Сондықтан дәл қазіргі таңда су тасқынына, суды қабылдап, ары қарай өткізуге мүмкіндігіміз бар.

Біз қазір облыстағы ірі «Ақтөбе» су қоймасында тұрмыз. Бұл қойма 245 млн текше метр су жинауға қауқарлы. Мамандардың айтуынша, наурыз айының соңында қар ери бастағанда, сол мөлшердің 49 пайызы ғана болады. Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылғы су тасқынынан кейін, мұнда төтенше жағдайдың алдын алу үшін біраз жұмыс атқарылған.

Алдымен су қоймасы аумағында жедел хабар тарату желісі жүргізілген. Яғни қандай да бір қауіп туса, арнайы қондырғы дабыл қағып, Төтенше жағдайлар департаментіне белгі береді. Одан бөлек бұрын адам атқарып келген жұмыстардың барлығы автоматты жүйеге көшіпті.

Әділгерей Сағиев, «Ақтөбе» су қоймасының учаске басшысы:

– 147 млн-ға жұмыс істелді. Су қоймасындағы физометрлер автоматтандырылды. Судың көлемі, судың температурасы автоматтандырылып, компьютерден көрініп тұр. Ондай бұрын болған жоқ.

Былтыр қызыл су жайылғанда, қала маңындағы арықтардың көбі суды өткізе алмай қалды. Жол жиектеріндегі су өткізгіш құрылғылардың көбі жарамсыз болып шықты. Әрі біразы қоқысқа толып кеткендіктен, судың жүруіне кедергі болды.

Осы орайда Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті билікпен бірігіп жаздай жұмыс жасапты. Арнайы «жол картасы» жасалып, 30-дан астам іс-шара бекітілген. 5 шақырымға жуық арық тазартылып, 4 шақырымға жуық арық кеңейтілген.

Бауыржан Сыздықов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Атқарылған істерге кіріп отыр, мысалы, арналар қою, олардың сағасын кеңейту, түбін тереңдету, одан кейін жолдардағы су өткізгіш құрылғылардың ішін тазалау, оларды қар кірмеу үшін жабу, себебі ертең ішіне мұз қатса, көктемде тазалау қиын болады.

Бұдан бөлек өңірдегі 165 гидротехникалық құрылғының жұмысы тексерілген. 500-ден астам техника көктемгі су тасқынына дайын тұр. Былтыр 36 қайық болса, биыл олардың саны 86-ға жеткен. Облыстың барлық аудандарында су тасқынының алдын алу комиссиясы құрылып, дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз