Алматы облысында соңғы бір ай ішінде жүздеген бас мал ұрлаған үш қылмыстық топ әшкереленді. Полиция департаментінің мәліметінше, жедел шаралардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар 10 адам анықталып, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жылқы ұрлығына қатысты соңғы дерек
22 ақпанда полицияға Ұзынағаш ауылының тұрғыны бес жылқысының ұрланғаны туралы шағым түсірген. Келтірілген шығын 5 миллион теңгені құраған. Жедел-іздестіру шаралары барысында 32 және 34 жастағы екі күдікті ұсталып, қамауға алынды. Ұрланған мал иесіне қайтарылған.
Кеген ауданында сериялық жылқы ұрлығы анықталды
Кеген ауданында 35 жастағы жергілікті тұрғын сериялық мал ұрлығы үшін қолға түсті. Ол тоғыз жылқыны ұрлап, үшінші тұлғаларға сатып жіберген. Сатып алушылар бұл деректі растағаннан кейін, күдікті өз кінәсін мойындады. Жалпы шығын 4 миллион теңгеден асты.
Жамбыл ауданында үш қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды
Жамбыл ауданында жыл басынан бері үш мал ұрлығымен айналысқан топтың әрекеті әшкереленіп, олардың 20 қылмыстық эпизоды дәлелденді. Тергеу барысында 460 бас малдың ұрланғаны анықталған.
«Полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының арқасында күдіктілер сатып үлгермеген мал тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 13 миллион теңгеден асты», – деп хабарлады ведомство.