Әскери психологтар әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық климатын зерттеу мақсатында 10 мыңға жуық сауалнама жүргізді.
Шекара қызметі бөлімшелерінде әскери және құқықтық тәртіпті нығайту аясында Бас әскери прокуратура, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланмен бірлесіп «Өмірді сақта» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама лудомания, суицид және басқа да жағымсыз құбылыстардың алдын алуға бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Серік Рахимов мәлімдеді.
«Былтыр әскери психологтар әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын және олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін зерделеу мақсатында 10 мың сауалнама жүргізді», – деді Серік Рахимов.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап сарбаздардың аумақтық қағидат бойынша әскери қызмет өткеруі, сондай-ақ шақырылушылар мен бұрыннан қызмет ететін сарбаздардың бөлек орналасуы оң нәтиже көрсетіп отыр.
«Бұл жүйе сарбаздардың бір-бірімен байланысын шектеп, ықтимал қақтығыстардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, командирлер сарбаздарды тәулік бойы бақылап, әрқайсысына жеке көзқараспен қарайды. Соның нәтижесінде, корпоративтік құндылықтар, бірлік пен бауырластық рухы нығая түсуде», – деді ол.
Сарбаздардың ата-аналарымен өзара іс-қимылы күшейтіліп, жастарды тәрбиелеу ісіне «Застава тарландары» ардагерлер ұйымының өкілдері тартылуда. Сонымен қатар, шекара маңы аудандарындағы мектептерде 375 «Жас шекарашы» арнайы үйірмесі құрылып, онда 7000-нан астам оқушы білім алуда.