Ақтаудағы тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары бесінші қабатта жүйкесі тозған ана үнемі баласын сабайтынын айтып, көпшіліктен көмек сұрайды.
Олардың сай-сүйекті сырқыратар баланың жылаған дауысын естіп жүргендеріне 2 жыл болыпты. Полицияға шағымданғанымен, одан ешқандай нәтиже болмапты. Баланың зар илеген дауысын онымен қабырғалас тұратын көршісі диктофонға түсіріп алды деп жазады Лада басылымы.
“Кейде қабырға дүңк ете түседі, баланы лақтырып жібергені анық. Мен есікке қарай жүгіремін, бірақ есікті ашпайды”, – дейді Юсуф Абдуллаев.
“Ол күйеуімен бірге тұрмайды. Оны көрмегелі қашан?.. Кейде телефоннан: “Сен ақша әкелмесең, мына баланы пышақтап тастаймын немесе терезеден лақтырып жіберемін” деп айғайлап жатады. Мен, тіпті көрші подъездегі адамдарды да бөлмеме шақырып, баланы сабап жатқанының рас екенін дәлелдеуге тырыстым. Өйткені мен өтірік айтып жүрмесін дегенім ғой”, – дейді ол.
Ал тағы бір көршісі әйелдің подъезде баласын бірнеше рет сабап жатқан жерінен түсіпті.
“Мен пәтерінен қандай да бір дауыстарды естімеймін. Өйткені алысырақ тұрамын. Бірақ ол баласын көшеде де төпелеп жатады. Бала деген зар илейді. Әрине, сұмдық қой. Балаға көмек керек”, – дейді Ілияс.
Ал Нұршан Төлегенованың айтуынша, ол баласын көршілеріне асырап алуға да ұсыныпты.
“Көп рет болды. “Жақсы адам болса, баламды беремін. Балам әбден мені шаршатып жіберді, мені мезі етті” деп айтатын. Құдды бала емес, қолға бере салатын мысық секілді”, – дейді ол.
Тұрғын үйде тұратын адамдар полицияға бірнеше мәрте шағымданған. Алайда 2 жыл болды, жағдай мүлде өзгерер емес.
“Кезекші полиция немесе учаскелік полиция келеді. Пәтерде бірнеше минут болады да одан соң кетіп қалады. Баласын сабаған әйелге қатысты ешқандай шара қолданылмайды. Ал келесі күні біз тағы да баланың шырқырап жатқанын естіп, көріп жатамыз. Адам төзгісіз жағдай. Көз алдымыздағы қорғансыз балақанға көмектесе алмаған күйімізге де жынымыз келеді”, – дейді Нұршан апай.