Ақтауда 7-сынып оқушысы “Синий кит” ойынының тапсырмаларын орындап, қолын тілгілеп тастаған.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасына сілтеме жасап, “Лада” басылымы хабарлады.
“Бұл оқиға 6-ақпанда сағат шамамен 16.00-де, сабақтан тыс уақытта болған. Ақтаудағы мектептердің бірінің 7-сынып оқушысы қолын 10 жерден тілген. Ол сыныптасынан білген бір ойынға қызыққан. Бала салдарын ойламай, ойынға кіреді. Оған тапсырма берілген. Осыдан кейін бала тапсырманы орындап, суретін жолдаған. Келесі күні ол қолын сыныптастарына көрсетіп, өз кезегінде балалар оқиға жайлы мектеп инспекторына айтып берді”, – деп хабарлады облыстық білім басқармасының тәрбие ісі жөніндегі бөлімінің жетекшісі Алмажай Райымбердиева.
Енді баламен психолог жұмыс істеп жатыр, қалған оқушыларға учаскелік полицейлер мен педагогтар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.
“Облыстағы барлық мектеп пен колледждерде ішкі бұйрық берілді, оған байланысты сабаққа смартфон алып келуге тыйым салынды. Мектеп инспекторлары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және мұғалімдер бақылау жүргізіп жатыр”, – деді Райымбердиева.
Еске салайық, әлеуметтік желіде “Синий кит” ойынының мән-жайы айтылған мәліметтер тараған еді. “ВКонтакте” желісіндегі осындай топтардан жасөспірімдерді белгісіздер ойын ойнауға шақырған. Бұл ойынның шарты бойынша, 50 тапсырма орындалуы тиіс, ал ең соңғысы – суицид жасау. Егер тапсырманы орындауға ойыншы қарсы болса, ұйымдастырушылар оның ата-анасын өлтіріп кетемін деп қорқытатын көрінеді.