Жамбыл облысында 16 бас жылқыны айдап әкеткен 44 жастағы тұрғын ұсталды. Тергеу барысында оның ұрланған малдың жетеуін сойып, етін сатып жібергені белгілі болды.
Оқиға Т.Рысқұлов ауданының құмды алқабындағы жайылымда болған. Ер адам жайылымда қараусыз жүрген жылқыларды байқап, оларды иемденуді ұйғарған. Ол өзіне тиесілі айғырға мініп, жылқыларды үйірімен бірге айдап әкеткен. Нәтижесінде мал иесіне 24 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Полиция азаматтарды мал-мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға, төрт түлікті қараусыз қалдырмай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.