Жылдам әрі жоғары табыс табуға қызыққан Тараз қаласының 28 жастағы тұрғыны трейдингке инвестиция салу арқылы мол пайда табуға болатыны туралы ұсынысқа сенген.
Ол банктен несие рәсімдеп, ақшаны өзін инвестор ретінде таныстырған азаматқа аударған. Алдын ала мәлімет бойынша бұл ұсыныстың артында Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны болған. Алайда жәбірленуші күткен пайдасына қол жеткізе алмады.
Күдікті Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері алаяқтықтың 29 дерегі бойынша жүргізілген тергеу барысында ұстады. Қазіргі уақытта оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция азаматтарды оңай табысқа кенелуге уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және күмәнді инвестициялық ұсыныстар үшін несие рәсімдемеуге шақырады.